Қырғыз-қазақ әдебиетін байланыстырған "Манас"
Қырғыз әдеби байланысы дегенде ең алдымен "Манас" жыры ойға келеді. Қазақтың манасшысы Баянғали Әлімжанов "бұл – қырғыз халқының, күллі түрік елдерінің, жалпы адамзаттың қазынасына айналған аса үлкен туынды" екенін айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мұхтар Әуезов "Манас" жырын сақтауда шешуші рөл атқарған
Ақын, манасшы Баянғали Әлімжанов 1957 жылы революционер Михаил Фрунзе "Манас" жыры панисламистік, пантюркистік, байшыл, ұлтшыл, феодалдық эпос" деп айтқандықтан, Бішкек қаласында жырға тыйым салу керек деген ыңғайда үлкен жиын өткенін айтады.
Оған Москвадан көптеген ғалымдар келген. Бұл енді сол кездегі Сталиннің кезі ғой. Қиын саясаттың бір зардабы тие жаздаған. Міне, осы кезде қырғыздың ұл-қыздары профессор Болат Юнусалиев, атақты манасшы Саяқбай Қаралаев барлығы осы "Манасты" жанын сана қорғаған, - дейді Әлімжанов.
Ал сол кезде шешуші сөзді қазақтың жазушысы, академик Мұхтар Әуезов айтқан көрінеді.
Мен Шыңғыс Айтматовтың өз ауызынан естігенмін. "Сол кезде қырғыз халқының басына үлкен қара бұлт төніп тұрды. Түнек. Міне, осы кезде ай маңдайы жарқырап Мұхтар Әуезов ағамыз сөйлеп, "Манас" жырын "Бұл – халықтық жыр. Бұл – дәстүрлі, терең жыр. Бұл – үлкен тарихи құнды қазына" деп дәлелдеп, соның нәтижесінде "Манастың" біріктірілген IV томдық жаңа нұсқасы жасалған, - деді ақын.
Яғни "Манас" жырының кеңес шындығына жақын нұсқасын жасауда Мұхтар Әуезов шешуші рөл атқарған.
1958 жылы Қырғызстанда IV том "Манас. Семетей. Сейтек" жыры жарыққа шығып, іле-шала Қазақстанда аударылған. Осы кезде қазақтың аса көрнекті ақындары осы эпосты аударуға атсалысқан. Міне, әдеби байланыстың көкесі осы, - дейді ақын.
Қазақша қайта жаңғырған "Манас" жыры
Ақын, манасшы Баянғали Әлімжанов "Манас" эпосына қазақтың барлық дерлік үлкен зиялы ғалымдары, ақын-жазушылары назар аударғанын айтады.
Ең алдымен Шоқан Уәлиханов 1856 жылы "Манасә жырын хатқа түсіріп, оның бір бөлігін орыс тіліне аударып, дүние ғалымдарына “осындай үлкен жыр бар" деп танытқан. Ол "Манас" жырын дала илиадасы" деп, ал "Семетейді" дала одиссеясы" деп атаған, - дейді ақын.
Ол "Көкетайдың ертегісі" деген "Манас" жырының Шоқан Уәлиханов жазып алған бөлігі жөнінде де айтып берді.
Бұл қолжазба жоғалып кетіп, оны ғалымдар іздеп таба алмай жүргенде, қазақтың ұлы ғалымы Әлкей Марғұлан оны архивтен тауып, оны "Көкетайдың ертегісі" деген атпен қазақшаға аударып, жариялады және сол кезде Шоқан жазып алған нұсқаны арабша факсимилесін кітапқа бастырды, - дейді Әлімжанов.
Ақын өз сөзінде ғалымның "Шоқан және "Манас" деген зерттеу еңбегін жазғанына да тоқталды.
Әлкей Марғұлан "Шоқан және "Манас" деген үлкен зерттеу еңбек жазды. Манас жырындағы жер-су, батырлар, рулардың аттарындағы қазақтарға қатысты жағдайлардың көбін ашып көрсетті. Бұл да қазақ-қырғыз әдеби байланыстарының үлкен белесі, - дейді ақын.
Баянғали Әлімжановтың айтуынша, қазір IV том "Манас. Семетей. Сейтек" жыры оқырман қолына түсе бермейтін сирек кітапқа айналды.
Жырды оқыған жастар оны түсіне бермейді. Тым ұзақ өлең. Сондықтан осы 2-3 жыл ішінде "Манас. Семетей. Сейтек" жырының қазақша нұсқасын қайтадан жырлап, жарияладым. Манасты 43 күнде, Сейтекті 67 күнде аудардым. Бас-аяғы 110 күнде Манас, оның баласы Сементей, оның баласы Сейтек туралы трилогияны арасында қара сөзбен баяндап отырып, түгелдей аударып, қазақша нұсқасы ретінде кітап қылып шығардым, - деп сүйіншіледі ақын.
Қырғыз ғалымдары Баянғали Әлімжановты дүниежүзінде қырғыз емес халықтардан шыққан жалғыз манасшы деп атады. Ақын кітап алдағы уақытта жарық көретінін айтты.