"Қымыз іштім": Павлодарда мас күйінде көлік жүргізген басшы қамалды
Павлодарда мас күйінде көлік басқарғаны үшін ЖСИ палатасының басшысы қамауға алынды.
Павлодар облысы Жеке сот орындаушылары палатасының басшысы Дәурен Исабеков мас күйінде көлік басқарғаны үшін 15 тәулікке қамалып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Сот шешімі жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Павлодар қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысында көрсетілгендей, сот қаулысында Дәурен Исабековтің 21 ақпан күні таңғы сағат 5-ке жуық уақытта Hyundai Santa Fe автокөлігін мас күйінде басқарғаны үшін тоқтатылғаны көрсетілген. ЖСИ палатасының басшысы өз кінәсін толық мойындап, көп мөлшерде қымыз ішкенін түсіндірген.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза тағайындалсын, – делінген сот қаулысында.
Еске салсақ, Талдықорғандық жүргізуші 7 жыл "жаяу" жүретін болды. Жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзған мас жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды.