"Қымбат сапар": Жүргізушіге ақылы жолдан өтерде 61 мың теңгеге шот келді

Автобус жүргізушісіне Алматы маңындағы ақылы жол бекеттерінің бірінде 61 мың теңгеге шот қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

"ҚазАвтоЖол" бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Белгілі болғандай, бұл сома жақында жүріп өткен және бұрын жүріп өткен төленбеген сапарлардың жиынтығы екен.

Оқиға 2 тамыз күні Алматы мен Қонаевты жалғайтын ақылы автожолда болған. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл сома 24 шілдеден бастап Атырау облысынан Талдықорғанға дейінгі 10 ақылы учаске арқылы жасалған сапарлардан құралған. 

Бұған қоса, шотқа Қайнар – Тараз, Тараз – Шымкент және Шымкент – Қызылорда бағыттары бойынша үш жылдық қарыздар да кірген.

Компания мұндай жағдайлардың сирек емес екенін атап өтті. Төленбеген сапарлар жүйеде жиналып қалады да, келесі рет ақылы жолдан өткен кезде пайдаланушыға барлық кезең үшін автоматты түрде жалпы шот шығарылады.

Негізінен қарыз жиналғанын күтпей-ақ, мобильді қосымшалар немесе жеке кабинеттер арқылы сапар тарихын бақылап, онлайн түрде төлем жасауға болады, - деп кеңес берді "ҚазАвтоЖол" өкілдері.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: видеодан скриншот
Өзгелердің жаңалығы