Қымбат өңірлік жобалар қалай қаржыландырылады
Сенаттың жалпы отырысында депутат Нұрлан Бекенов өңірлердегі құны жоғары, ауқымды жобалардың мәселесіне назар аударып, Үкіметке сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, коммуналдық шаруашылық, инженерлік-инфрақұрылым, туризм және басқа да салалардағы кейбір нысандарды жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттердің мүмкіндігі жеткіліксіз. Мұндай жобалар 2025 жылғы 28 маусымда Ұлттық экономика министрлігі бекіткен №59 бұйрықтағы "елдік маңызы бар" немесе "сыни маңызды" нысандардың критерийіне де сәйкес келмейді.
Депутат осы жобаларды қаржыландыру мәселесі қалай шешілетінін және қолданыстағы талаптарды кеңейту көзделіп-қарастырылып жатқанын сұрады.
Сауалға жауап берген Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет өңірлердің табыс базасын кеңейткенін еске салды.
Біз өңірлерде белгілі бір салықтық әлеуетті қалдырдық және оны есептеуге енгізген жоқпыз. Бұл — қосымша түсімдер. Жалпы, өңірлердің кірісі жылына орта есеппен 27%-ға өсіп отыр. Ал біз есептегенде 13–15% деңгейін пайдаландық. Кейбір салықтарды қайта бөлу арқылы жергілікті бюджеттердің қарауына қосымша 80 млрд теңге берілді. Бірақ ірі нысандардың бір бөлігі әлі де республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Ірі топтық су құбырлары, магистральдық желілер, жылу электр орталықтары, туристік канат жолдары – мұның бәрін республикалық бюджет қаржыландырады, – деді вице-премьер.
Сонымен қатар Жұманғариннің айтуынша, сыни маңызды және елдік ауқымдағы жобалар тізімі өңірлердің нақты мүмкіндіктерін ескере отырып, тұрақты түрде қайта қаралады. Оның мәлімдеуінше, құны жоғары осындай нысандар қолданыстағы механизмдерге енгізіліп, республикалық бюджет арқылы қаржыландыру мүмкіндігі бар.