3 Тамыз 2026, 09:14 Фото: Каспий құбыр консорциумы

Қымбат мұнай Қазақстанға бұрынғыдай мол табыс әкелмейді – сарапшы

Brent маркалы мұнай бағасының өсуі сұраныстың артуынан емес, геосаяси тәуекелдерден туындаған7

Кейінгі апталардағы жағдай Қазақстан экономикасы үшін маңызды сынақ болды. Ормуз бұғазы маңындағы геосаяси ахуалдың ушығуына байланысты әлемдік нарықта мұнай бағасы қайта қымбаттады. Алайда дәл осы кезеңде Каспий құбыр консорциумы (КҚК) инфрақұрылымына шабуыл жасалып, Теңіз кен орнында мұнай өндіру көлемі қысқарды.

Qazaq Expert Club қаржыгері Жания Сандыбай BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында бұл оқиғалар Қазақстан үшін қазір мұнайдың бағасынан бұрын оны әлемдік нарыққа кедергісіз жеткізу маңызды екенін көрсеткенін айтты. 

Мұнай бағасы бұрынғыдай шешуші фактор емес

Сарапшының сөзінше, бұған дейін мұнай бағасы көтерілсе, Қазақстанның экспорттық табысы артып, төлем балансы жақсарып, Ұлттық қорға түсетін қаржы көбейіп, теңге бағамы нығая түсетін. Қазір бұл байланыс бұрынғыдай айқын емес.

Жания Сандыбай соңғы апталардағы Brent маркалы мұнай бағасының өсуі сұраныстың артуынан емес, геосаяси тәуекелдерден туындағанын айтты. Оның пікірінше, Ормуз бұғазындағы кеме қозғалысына қойылған шектеулер, танкерлерге жасалған шабуылдар және негізгі теңіз бағыттарындағы тұрақсыздық мұнай бағасының қымбаттауына әсер етіп отыр.

Мұнай экспорттайтын елдердің көпшілігі үшін бұл қосымша табыс. Ал Қазақстан үшін бұл әзірге тек сондай мүмкіндік қана. Егер өндірілген мұнай экспортқа шықпай, жер қойнауында қалса немесе экспорттық инфрақұрылым арқылы уақытында жөнелтілмесе, әлемдік нарықтағы жоғары баға бюджетке қосымша кіріс әкелмейді, – дейді ол.

КҚК – экономика үшін негізгі тәуекел

Қаржыгер Қазақстан мұнай экспортының 80 пайыздан астамы Каспий құбыр консорциумы арқылы тасымалданатынын еске салды. Сондықтан бұл бағыттағы кез келген кедергі енді тек мұнай саласының емес, бүкіл ел экономикасының мәселесіне айналады.

Оның айтуынша, КҚК терминалы маңындағы танкерлерге жасалған шабуылдан кейін мұнай жөнелтуге шектеу қойылып, мұнай компаниялары өндіріс көлемін азайтуға мәжбүр болды. Себебі мұнайды сақтайтын орындардың мүмкіндігі шектеулі.

Ең қатты қысқарту Теңіз кен орнында байқалды. Елдегі ең ірі мұнай кенішінде өндіріс уақытша екі еседен астам төмендеді, – деді сарапшы.

Жания Сандыбай мұндай жағдайдың салдары өндіріс көлемінің азаюымен ғана шектелмейтінін айтты.

Бұл экспорттық түсімнің төмендеуіне, салық кірістерінің қысқаруына, бюджет орындалуына төнетін қауіптің артуына және шетелдік инвесторлар үшін белгісіздіктің күшеюіне алып келеді, – деді ол.

Қымбат мұнай өндіріс көлемінің азаюын өтей алмайды

Сарапшы мұнай бағасының өсуі өндіріс көлемінің қысқаруын автоматты түрде өтейді деген пікір әрдайым шындыққа сәйкес келе бермейтінін атап өтті. Ол мысал ретінде екі сценарийді келтірді.

Бірінші жағдайда Қазақстан тәулігіне екі миллион баррель мұнайды 80 доллардан экспорттайды. Екінші жағдайда мұнай бағасы 100 долларға дейін өседі, бірақ логистикалық қиындықтарға байланысты экспорт көлемі екі есеге жуық қысқарады. Мұндай жағдайда мұнай қымбаттағанымен, жалпы экспорттық табыс төмен болып шығуы мүмкін, – деді Жания Сандыбай.

Оның айтуынша, сондықтан Қазақстан үшін қазір Brent бағасын ғана емес, мұнай өндіру мен экспорт көлемін де мұқият бақылау аса маңызды.

Бюджетке әсері қандай?

Қаржыгер Қазақстан бюджеті әлі де мұнайдан түсетін табысқа тәуелді екенін айтты. Оның сөзінше, мұнай бағасының қымбаттауы Ұлттық қорға түсетін қаржыны көбейтіп, мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қолдай алады.

Бірақ бұл механизм тек экспорт тұрақты болған жағдайда ғана жұмыс істейді. Егер КҚК-дегі шектеулер қысқа мерзімде жойылса, Қазақстан мұнай бағасының өсуінен пайда көре алады. Ал егер мұндай кедергілер қайталанса, қымбат мұнайдың оң әсері күткеннен әлдеқайда әлсіз болады, – деді ол.

Сарапшының пікірінше, қазіргі жағдайда бюджет үшін баррельдің бағасынан гөрі, елдің нақты қанша баррель мұнай сата алатыны маңызды.

Теңгеге қарама-қайшы факторлар әсер етіп тұр

Жания Сандыбайдың айтуынша, мұнай бағасының өсуі әдетте ұлттық валютаны қолдайды. Бірақ экспорттық табыстың азаюы, геосаяси белгісіздіктің күшеюі және импорт құнының қымбаттауы керісінше қысым жасайды.

Сондықтан теңге қазір бір-біріне қарама-қайшы екі фактордың ықпалында тұр. Алдағы айларда валюта бағамы құбылмалы болып қала береді. Оның өзгерісі Brent бағасына емес, экспорттық жеткізілімдердің қаншалықты тез қалпына келетініне көбірек байланысты болады, – деді ол.

Келесі қауіп – инфляция

Сарапшы мұнай дағдарысы тек энергетика саласымен шектелмейтінін айтты. Оның сөзінше, жанармай бағасының қымбаттауы көлік шығындарын, сақтандыру төлемдерін және логистиканың өзіндік құнын арттырады. Уақыт өте келе бұл импортталатын тауарлардың барлығының бағасына әсер етеді.

Қазақстан үшін бұл инфляцияның баяулау қарқынының төмендеуіне және Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт жоғары деңгейде сақтауына әкелуі мүмкін. Басқаша айтқанда, экономика өсімнің баяулауы мен инфляциялық қысымның қатар күшеюі сияқты жағдайға тап болуы ықтимал, – деді Жания Сандыбай.

Экономика үшін басты сабақ

Қаржыгер соңғы апталардағы оқиғалар Қазақстан экономикасындағы жүйелі мәселені ашып көрсеткенін айтты.

Ұзақ уақыт бойы негізгі қауіп мұнай бағасының құбылуы деп есептеліп келді. Бірақ қазір экспорттық инфрақұрылымның бір бағытқа тәуелді болуы да кем түспейтін тәуекел екені анық байқалды. Егер мұнай экспортының басым бөлігі бір ғана маршрутқа тәуелді болса, кез келген геосаяси оқиға бүкіл экономикаға әсер ететін факторға айналады, – деді ол.

Осыған байланысты сарапшы экспорт бағыттарын әртараптандыру енді тек мұнай саласының мәселесі емес, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатысты стратегиялық міндет екенін атап өтті.

Оның пікірінше, Транскаспий бағытын дамыту, Әзербайжан мен Қытай арқылы жеткізілетін мұнай көлемін арттыру, сондай-ақ қосымша экспорттық қуаттарды қалыптастыру – жай ғана инвестициялық жобалар емес, Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды құралдар.

Қымбат мұнайдың өзі енді Қазақстанның әл-ауқатына кепіл бола алмайды. Қазір негізгі көрсеткіш – баррельдің бағасы емес, сол баррельді әлемдік нарыққа еш кедергісіз шығара алу мүмкіндігі. Егер КҚК толық қалпына келсе, Қазақстан қолайлы баға жағдайын тиімді пайдаланып, бюджет кірісін арттыра алады. Ал логистикалық тәуекелдер сақталса, мұнай бағасының қазіргі өсімі қосымша табыс көзіне емес, жіберіп алған мүмкіндікке айналуы мүмкін, – деп түйіндеді Жания Сандыбай.

Сарапшының айтуынша, қазіргі дағдарыстың басты ерекшелігі де осында: Қазақстан ұзақ уақыттан бері алғаш рет мұнайдың қымбаттауы мұнайдан түсетін табыстың дәл сондай көлемде өсуіне кепіл болмайтын жағдайға тап болып отыр.