"Қылқындырып, аулаға көміп тастады". Ауылдасын өлтірген ер адам сотталды
Түркістан облысының тұрғыны адам өлтіргені үшін және оқ-дәрілерді сақтағаны үшін 20 жылға сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға 2025 жылғы 27 маусымда Түркістан облысының Жетісай ауданы Алғабас ауылында болған. Ер адам жанжал кезінде ауылдасын жіппен қылқындырып, мәйітін өз ауласында көмген.
Түркістан облысының соты, ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен - адам өлтіру, 287-бабының 3-бөлігімен - оқ-дәрілерді заңсыз алу және сақтау бабымен айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады.
Сотталушы жанжал кезінде жәбірленушіні жіппен қылқындырып өлтірген. Қылмысты жасыру үшін мәйітті өз ауласында көмген. Сондай-ақ, оның үйінен 32 дана ойық ұңғылы аңшылық атыс қаруының заңсыз сақталған оқ-дәрілері табылды. Кінәсі куәгерлердің айғақтары, сараптама қорытындылары және өз мойындауымен толық дәлелденді. Сот ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстың қауіпті қайталануын, жеңілдететін мән-жай ретінде кәмелетке толмаған баласының болуын ескерді, – делінген сот хабарламасында.
Сот үкімімен ер адам 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ 10 млн. теңге көлемінде моральдық шығын өндірілді.
Еске салайық, бұған дейін Жетісайда әйелді өлтіріп, атпен таптаған қаскөй 20 жылға сотталған болатын.