Алматы облысында дүкен тонаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

Талдықорған, BAQ.KZ. Үш адамнан құралған қылмыстық топ дүкендерге қарумен қарақшылық шабуылдар жасаған. Қазіргі таңда ұсталған күдіктілер Қапшағай қаласында төрт қарақшылық дерекке қатысы бар деген күдікпен қамауға алынды.

Қаңтар айының басында Қапшағай қаласының полициясына белгісіз тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттерінен зардап шеккен жеке дүкен иелерінің арыздары түскен. Зардап шеккен жеке кәсіпкерлер берген ақпаратқа сәйкес пистолетпен қаруланған, бетперде киген белгісіз азаматтар кеш мезгілінде дүкенге кіріп, қарумен қорқыту арқылы барлық қаржыны алып кеткен. Қылмыстардың өзара ұқсастығын ескере отырып, тәртіп сақшылары бұл қарақшылық шабуылдарды бір қылмыстық топ жасауы мүмкін деген болжам жасайды.

«Ең тәжірибелі қызметкерлерден құрылған жедел-тергеу тобы қарақшылық қылмыстарына қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша тиісті шараларды қабылдап, нәтижесінде қарақшылық жасады деген күдікке ілінген жергілікті үш тұрғынды ұстады. Қазіргі уақытта олардың екеуі қамауға алынды»- дейді Қапшағай қаласы Полиция бөлімінің бастығы Эльдар Абдикенов.

Іс-шара барысында күдіктілерден қылмыс жасағанда пайдаланылуы мүмкін тапанша және өзге жеке заттар тәлкіленді және іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді.

«Бұл іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілерден тәркіленген қару сараптамаға жіберілді. Олардың өңірдегі осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бары анықталуда» - деп атап өтті полиция өкілі.

Айта кетейік, облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес ұсталған күдіктілердің біреуі кәмілеттік жасқа толмағанына байланысты мекенжайын өзгертпеу туралы қолхатпен ата-анасына тапсырылған. Қарақшылық дерегіне қатысты іс Қапшағай қаласы полициясының өндірісінде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы