12 Тамыз 2026, 12:24 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қылмыстық топ Қазақстанда ұсталып, 2 аптада елге қайтарылды: Оңтүстік Корея президенті Тоқаевқа алғыс айтты

Оңтүстік Корея президенті Қазақстанның қолдауына алғыс айтты. Екі апта ішінде Кореяның ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелері елге жеткізілген.

Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён Қазақстанға жасырын кіріп, азаматтарға қарсы телефон алаяқтығын жасаған кореялық ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін жедел ұстауға және елге қайтаруға көрсеткен қолдауы үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді. Оның айтуынша, күдіктілер ұсталғаннан кейін небәрі екі апта ішінде толықтай Кореяға жеткізілген.

Ли Чжэ Мён бұл туралы Қазақстан тарабының қылмыстық топ мүшелерін ұстау және елге қайтару бойынша көрсеткен көмегіне қатысты алғыс сөзінде айтты. X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде жазба жариялап, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты белгілеген.

Еске сала кетейік, Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) алаяқтық колл-орталықтардың заңсыз қызметінің жолын кесу барысында Оңтүстік Кореяның 14 азаматын ұстаған болатын. Оларға телекоммуникациялық жүйелер арқылы алаяқтық жасаған ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болды деген күдік келтіріліп отыр.

Оңтүстік Корея президентінің мәліметінше, Корея азаматтарына қарсы телефон алаяқтығын ұйымдастырған қылмыстық топ мүшелері Қазақстанға Камбоджа мен Вьетнам арқылы жасырын кірген. Олар жергілікті жерде ұсталып, екі аптадан кейін Корея Республикасына толықтай қайтарылған.

Қазіргі уақытта аталған азаматтарға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Ұстау шарасынан бастап елге жеткізуге дейінгі жұмыстың жедел атқарылуы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның және ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің белсенді қолдауы мен ынтымақтастығының арқасында мүмкін болды, – деді Ли Чжэ Мён.

Оңтүстік Корея басшысы Мемлекет басшысына және осы іске қатысқан тиісті тараптарға шынайы ризашылығын білдірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға және тиісті тараптарға шын жүректен алғысымызды білдіреміз, – деді ол.

Ли Чжэ Мён алдағы уақытта Қазақстан Президентімен жеке кездесіп, ризашылығын тікелей жеткізуге үміт білдірді. Оның айтуынша, бұл келесі айда өтетін «Корея Республикасы – Орталық Азия» саммиті аясында мүмкін болуы ықтимал.

Оңтүстік Корея президенті қылмыскерлердің қай жерде жасырынғанына қарамастан, оларды заң алдында жауапқа тарту жұмысы жалғасатынын атап өтті.

Корея Республикасы азаматтарының қауіпсіздігі мен бейбіт өміріне қатер төндіретін қылмыстарға қарсы ешқандай ерекшелік жасалмайды. Қай жерде жасырынса да, оларды соңына дейін іздеп тауып, міндетті түрде заң алдында жауапқа тартамыз, – деді Ли Чжэ Мён.

Осылайша, Қазақстан мен Оңтүстік Корея құқық қорғау органдарының ынтымақтастығы трансұлттық қылмысқа қарсы күрестің нақты нәтижелерінің бірі ретінде көрініп отыр. Қазақстан аумағында ұсталған күдіктілердің қысқа мерзім ішінде Кореяға қайтарылуы екі ел арасындағы құқықтық және қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылдың жеделдігін көрсетеді.