Қылмыстық-тергеу оқу полигоны ашылды
Ертіс өңіріндегі Торайғыров университетінің жанынан болашақ тергеушілерге арналған оқу полигоны ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Бұл жоба университет пен облыстық полиция департаментінің ынтымақтастығы шеңберінде жүзеге асырылды. Енді болашақ заңгерлер теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру мүмкіндігіне ие болады.
Криминалистік полигон қылмыс болған жерде заттай айғақтарды зерттеу, тәркілеу, күдіктінің фотороботын жасауға арналған. Торайғыров университеті экономика және құқық факультетінің деканы Юрий Колесниковтың айтуынша, жоба «Жастар және заң» жобасы шеңберінде жүзеге асырылды.
Оқу-жаттығу кешені екі секциядан құралған. «Оқу кабинеті» және «Тұратын бөлме». Қос бөлмек заманауи мультимедиялық құралдар, техникалық-криминалистік бұйымдар, жәдігерлер мен әдістемелік әдебиеттермен жабдықталған.
Студенттер компьютердің көмегімен оқиға орнын виртуалды тұрғыдан қарай алады. Фоторобот та жасай алады. Біздің мақсатымыз – еңбек нарығына қажет білікті мамандарды даярлау. Полигондағы сабақтар рольдік ойындар арқылы өтеді. Осылайша, жастар өндірістік-тергеушілік әрекеттерді жүргізуге дағдыланады. Қылмыс түрін ажыратып, жылдам әрекет етуге үйренеді, - дейді факультет деканы.
Алдағы уақытта криминалистік оқу полигоны кеңейтілмек. Айта кетейік, жаттығу кешенін құруға аймақтың білікті тергеуші мамандары атсалысты. Торайғыров университеті бір жылда 100-ден астам заңгерді даярлайды.