Қылмыстық атқару жүйесіндегі жұмыс талқыланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық  атқару жүйесі департаменті 3 айда атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша жедел кеңес отырысын өткізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет, облыс прокурорының орынбасары Әділ Кәрім,  ҚР ҰҰ 5513 әскери бөлімінің командирі полковник Даурен Жағыпаров  қатысты.

Еліміз үшін 2022 жылдың бастауы оңай соққан жоқ. Оның ішінде құқық қорғау органдарының, күштік құрылымдар өте күрделі кезеңді бастан өткерді. Соған қарамастан, Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті алғашқы 3 айда жоспарлы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізді. Әсіресе, Қаңтар оқиғасы кезінде ҚАЖ департаментіне, қарама-қарсы әлеуметтік нысандарға ұйымдастырылған шабуылдарды біздің қызметкерлер  Ұлттық ұлан сарбаздарымен бірге берлесіп тоқтатып, өз міндеттеріне адалдық танытқанын атап өту керек. 

Қаңтар айында орын алған оқиғаларға қарамастан, біздің департаментте жұмыс тәртіп пен талапқа сай жүргізілді. Мекемелерде жаппай тәртіпсіздіктер, келеңсіз оқиғалар орын алған жоқ. Жалпы аталған мекемелерде қылмыс және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында әрі қарайда барлық тиісті шаралар жүргізілетін болады. Түзеу мекемесіндегі жазасын өтеушілермен, олардың туыстарымен түсіндіру жұмыстары жиі жүргізіліп тұрады, - делінген ақпаратта.

Жалпы мекемелердегі материалдық мәселелер де шешімін тауып келеді. Осы ретте, биыл түзеу мекемелерін керуерттермен, тағы да басқа материалдық жабдықтармен қамтамасыз еткен жергілікті облыстық әкімдікке өз ризашылығымызды білдіреміз. 

Президент тапсырмасына сәйкес, департаменттегі мекемелер бүгінде видеокамералармен толық қамтамасыз етілген. Өткен жылы 200, биыл тағы да осынша видеорегистратор алынып, толық іске қосылды. Қазір барлық мекемеде видеобақылау жүргізіліп отыр. Мекемелер бейнебақылау арқылы тәулік бойы қадағалануда. Құрылғылар күні бойы қосулы тұрады. Қызметкерлерге осы арқылы ішкі тәртіптік жағдайды қадағалау жүргізуде, - деді Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы әділет полковнигі Нияз Рыспаев.

Негізгі 4 мәселе талқыланған жиында департамент бастығының орынбасары әділет полковнигі  Қ.Жарылгапов 3 айда Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті және мекемелерінің атқарған жедел қызметтік жұмыстарының  қорытындысын баяндады. Ал департамент бастығының орынбасары әділет подполковнигі Е.Нұрбаев мекемелердегі қаржы-шаруашылық қызметінің қазіргі жай-күйіне тоқталды.

Жалпы 3 айда атқарылған жұмыстар ауқымды, алдағы міндеттер де көп екенін айтып өткен департамент бастығы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов 11 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласында өткен кеңейтілген алқа мәжілісінде алдағы міндеттерді нақтылап, бағытты айқындап, нақты тапсырмалар  мен нұсқаулар бергенін жеткізді. 

«Министр әрбір қызметкердің жұмысы ашық болуы тиіс екенін баса айтты. Ешқандай жеңұшынан жалғасқан әрекеттерге, халық күмән-күдік тудыратындай алып-қашпа әңгімеге жол беруге болмайды», - деп ескертті Н.Рыспаев. 

Жиын соңында жұмысы жүйелі, өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарған бірқатар қызметкерлер облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сондай-ақ Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан қызметкерлер мен әскери қызметшілерді еске алу мақсатында қоян-қолтық ұрыстар бойынша ұйымдастырылған жарыста үздіктер қатарынан көрінген қызметшілер арнайы марапатқа ие болды. Жалпы облыстық полиция департаменті өткізген жарысқа 10 команда қатысып, ҚАЖ облыс бойынша департаментінің 4 қызметкері 3-орынды, 1-еуі 1-орынды еншілеген болатын. Ал облыс әкімдігі ұйымдастырған бәсекеде тағы 4-еуі 2 және 3-орындарды олжалаған еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы