Қылмыстық-атқару жүйесіндегі заңдылықтың жай-күйі талқыланды
Бүгін Бас прокуратурада қылмыстық-атқару жүйесіндегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің өзекті мәселелері талқыланған Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараны аша отырып, Бас Прокурор Берік Асылов сотталғандардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін құрметтеу мен қорғау – бұл Заңның тікелей талабы екенін және олардың оңалуы мен қоғамда құқықтық тәртіпті сақтаудың маңызды аспектісі екенін атап өтті.
Отырысқа Парламент депутаттары, облыс әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің, Ұлттық ұланның бірінші басшылары, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері, сондай-ақ өңірлерде бейнеконференция байланысы арқылы аумақтық үйлестіру кеңестерінің мүшелері қатысты.
Соңғы жылдары қылмыстық-атқару жүйесінде реформалар жүргізіліп, қоғамдық бақылау кеңейтілгені атап өтілді. Колонияларда толық бейнебақылау енгізіліп (40 мың бейнекамера орнатылған), сотталғандардың тікелей өтініш беруі үшін 600 электрондық терминал қойылған.
2023 жылдан бастап сотталғандарды түзеу мекемелеріне бөлу тұжырымдамасы өзгертілді. Енді алғаш рет сотталғандар ҚАЖ-нің орташа қауіпсіздік мекемелерінде ұсталса, бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтегендер – ең жоғары қауіпсіздік мекемелерінде орналастырылады. Қабылданған кешенді шаралар азаптау туралы сигналдар санын 5 есе азайтуға мүмкіндік берді.
Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде жаңа ғимараттар мен жабдықтар бөлініп, тәулік бойғы кезекшілік пен телемедицина енгізілді, сондай-ақ барлық сотталғандар скринингтен өтті. Сотталғандардың құқықтарын сақтау, білім алуға қолжетімділік, жұмысқа орналастыруды ұйымдастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және қылмыстық жазаны орындау жүйесінде заңдылықты қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің алдында тұрған өзекті проблемалар мен қауіп-қатерлер туралы баяндамалар тыңдалды. Олардың ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметіне қарсы тұру, тыйым салынған заттарды тасымалдауға және заңсыз ақша айналымына жол бермеу мәселелері қаралды. Үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған заңнамалық түзетулерді қоса алғанда, бар проблемаларды шешу жолдары айқындалды.