Қылмыскерлердің қолында әлі 2 мыңнан астам қару бар – ІІМ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты.
Бүгінгі таңда қылмыскерлердің қолында ауқымды арсенал - ұрланған қарудың 2 мыңнан астам бірлігі, оның ішінде 30 граната атқыш, 2 оқ атқыш, 122 автомат пен 379 тапанша қалуда, бұл дегеніміз – үлкен қауіп, өйткені қылмыскерлер кез келген уақытта оны бейбіт азаматтарға қарсы пайдалана алады. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда және министрліктің ерекше бақылауында тұр, - деді Әділов.
Ол атағандай, қабылданған шаралардың нәтижесінде қарудың 1625 бірлігі табылып алынды.
Бұл 10 граната атқыш, 6 оқ атқыш, 160 автомат, кесілген қарудың 113 бірлігі, 361 тапанша мен 253 граната, 41,1 мыңнан астам оқ-дәрі. Мысалы, мамырда Талдықорған қаласында «Қайнар АКБ» ЖШС-дан қорғасын құймаларын ұрлауда күдіктінің біреуі тұратын үйді тінту барысында оқ-дәрісі бар «Макаров» тапаншасы табылып алынды, - деді ол.
Сонымен бірге азаматтармен түсіндіру жұмысының нәтижесінде қарудың 212 бірлігі ерікті түрде берілген.