Қылмыскер контактілеріңізге қалай қол жеткізеді? – ІІМ жауап берді

Бұл туралы брифингте ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алаяқтар WhatsApp секілді мессенджерлерге “туысыма дауыс беріңіз, сыйлық ұтып алдыңыз немесе пошта арқылы сыйлық келді” деген сипаттағы сілтемелерді жіберу арқылы өзіне керек мәліметтерді алады. Мессенджер пайдаланушысы сілтеме арқылы өткеннен кейін қылмыскерлер контактілер тізіміне қол жеткізеді, - деді ол.

Ресми өкілдің айтуынша, мұндай қауіпті сілтемелерді алаяқтар онлайн ойындарда да пайдаланады. Телефонның бұғатталуы туралы хабарлама көрсетіп, ересектерден де, балалардан да ақша талап етуі мүмкін.

Шыңғыс Алекешев алаяқтардың құрбаны болмас үшін келесі ережелерді сақтау қажетін айтты.

Күдікті сілтемелерге ешқашан өтпеңіздер. Егер сілтемені ашып қойған болсаңыз мессенжерге қосылған барлық құрылғыны өшіріңіз. Бейтаныс абоненттерден түскен бейнеқоңырауларға жауап бермеңіздер. Банктер, брокерлік инвестициялық компаниялар немесе құқық қорғау қызметкерлерінің атынан жасалған нұсқауларды орындамаңыздар. Есіңізде болсын арнайы операциялар ешқашан телефон арқылы жүргізілмейді, - деп ескертті ресми өкіл.

Ол жеке ақпаратты, банк карталарының CVV-кодтарын, аударымдар туралы түбіртектерді, сондай-ақ SMS-кодтар мен құпиясөздерді ешқашан ешкімге бермеуін өтінді.

Бөгде адамдардың өтініші бойынша телефоныңызға қандай да бір мобильді қосымшаларды орнатпаңыздар. Күмәнді инвестициялық жобаларға ақша салмаңыздар. Қосымшаларды орнату үшін тек қана ресми Apple Store немесе Play Маркет платформаларын пайдалану қажет, - деді Алекешев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ - архив
Өзгелердің жаңалығы