Қылмыс жасалмай тұрып анықталады: Қазақстанда жаңа жүйе іске қосылды
Құқық қорғау органдары қауіп-қатерді алдын ала болжауға көшті. Бұл тәсілдің алғашқы нәтижелері қылмыс деңгейінің төмендегенін көрсетті.
Қазақстанда құқық қорғау органдарының жұмыс тәсілі өзгеріп, қылмыс салдарымен күресуден оның алдын алуға басымдық беріліп жатыр. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді.
Оның айтуынша, елде жүргізіліп жатқан ауқымды құқықтық реформа жағдайында құқық қорғау органдарының басты міндеті тек жасалған қылмысқа ден қою емес, қауіп-қатерді алдын ала анықтап, құқық бұзушылықтың себептерін жою және азаматтардың құқықтарын нақты қорғау.
Осы мақсатта Қылмыстық қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы құрылған. Орталық тәулік бойы криминогендік ахуалды талдап, ықтимал қауіптер мен осал аймақтарды анықтайды, тәуекелдерді болжайды және олардың алдын алу бойынша нақты шаралар әзірлейді. Сондай-ақ шетелдік контентке мониторинг жүргізіліп, қылмыстық қатерлердің жаңа түрлері мен тәсілдері зерделенеді.
Ең бастысы – бұл талдау жергілікті жерлерде нақты шешімдер қабылдауға негіз болады, – деді Бас прокурор.
360-тан астам қауіпті локация анықталды
Ішкі істер министрлігі және өңір әкімдіктерімен бірлескен жұмыс нәтижесінде жасанды интеллект пен ұшқышсыз технологиялар қолданылып, азаматтарға қылмыстық қол сұғу ықтималдығы жоғары 360-тан астам қауіпті локация анықталған.
Бұл жерлерде полиция патрульдеуі күшейтіліп, 4 мыңға жуық жаңа жарықтандыру нүктесі мен 3,5 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды.
Қабылданған шаралар өз нәтижесін көрсетіп отыр. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша елдегі қылмыс деңгейі 11%-ға төмендеген.
Атап айтқанда, адам өлтіру, қарақшылық, тонау, қорқытып алушылық, ұрлық және көшелерде жасалатын қылмыстар саны азайған.
Интернет-алаяқтық 9%-ға төмендеді
Бас прокуратура есірткі қылмысы мен интернет-алаяқтыққа қарсы жұмыстың нәтижелеріне де тоқталды.
«Кибернадзор» жүйесі есірткіні насихаттау белгілері бар 10 мың материалды, оның ішінде 6 мыңнан астам есірткі дүкенін бұғаттаған.
Прокуратура мен полиция органдарының тиімді өзара іс-қимылы нәтижесінде 464 мыңнан астам дропперлік шот бұғатталып, есірткіден түскен 2,6 млрд теңгеден астам кіріске тыйым салынған.
Сонымен қатар соңғы жылдары алғаш рет интернет-алаяқтықтың өсу үрдісін өзгертуге қол жеткізілген. Оның саны 9%-ға төмендеген.
Құқық қорғау органдары мен «Қазақтелеком» АҚ-ның бірлескен жұмысы нәтижесінде 1 миллионнан астам күдікті қоңырау тоқтатылып, шетелде орналасқан 12 алаяқтық колл-орталықтың қызметі әшкереленді.
Алаяқтар 76 жастағы әйелден 21 млн теңге алмақ болған
Бас прокурор алаяқтықтың алдын алуға қатысты нақты мысал келтірді.
Астанада прокуратураның бастамасымен «Қазақтелеком» базасында құрылған Антиколл-орталық 76 жастағы әйелдің алаяқтарға 21 млн теңге беруге дайындалып жатқанын анықтап, қоңырауды тоқтатқан. Соның арқасында азаматтың қаражатын сақтап қалуға мүмкіндік болған.
Бұдан бөлек, Ұлттық банктің Антифрод-орталығы арқылы 2,9 млрд теңгеден астам сомаға алаяқтық транзакциялар бұғатталған.
Берік Асыловтың пікірінше, бұл көрсеткіштердің артында азаматтардың өмірі, денсаулығы мен мүлкін қорғауға бағытталған нақты нәтижелер тұр.
Біздің мақсатымыз – қауіптің қылмысқа айналуын күтпей, оны алдын ала анықтау, себептерін жою және салдарының алдын алу, – деді ол.
Бас прокурор бұл тәсіл Конституциядағы «Заң мен тәртіп» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарына дәл осындай міндет қойып отыр.