13 Қараша 2026, 12:29 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қылмыс құрбандарына берілетін өтемақы екі есе өсуі мүмкін: Қазақстанда қандай өзгерістер ұсынылды?

Қазақстанда қылмыс құрбандарына берілетін өтемақыны екі есе арттыру, мемлекеттік көмек алушылардың тізімін кеңейту және төлемдерді тағайындауды автоматтандыру ұсынылып отыр. Бұл бастама Жәбірленушілерге өтемақы қорының айналасындағы жағдайға байланысты көтерілді: сегіз жыл ішінде қорда 9,3 млрд теңгеден астам қаражат жиналғанымен, зардап шеккендерге небәрі 855 млн теңгеге жуық қаржы төленген. Қаражаттың басым бөлігі неліктен игерілмей жатыр және қолданыстағы жүйеде нені өзгерту қажет? Осы сұрақтарды BAQ.KZ тілшісі Құрылтай депутаты Снежанна Имашевамен талқылады.

Жәбірленушілерге өтемақы қоры Қазақстанда 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Оның негізгі міндеті – белгілі бір санаттағы қылмыстардан зардап шеккен адамдарға біржолғы қаржылай көмек көрсету.

Алайда сегіз жыл ішінде жинақталған қаражат көлемі нақты төленген сомадан әлдеқайда асып түсті. Депутаттың парламенттік сауалында келтірілген деректерге сүйенсек, 2018 жылдың шілдесінен 2026 жылдың шілдесіне дейін қорға 9 млрд 347 млн теңгеден астам қаржы түскен. Осы кезеңде 5,5 мыңға жуық жәбірленуші 855 млн теңгеден сәл асатын өтемақы алған.

Осылайша, өтемақыға жалпы түсімдердің шамамен 9%-ы ғана бағытталған. Депутаттың пікірінше, төлем алуға құқығы болған азаматтардың саны әлдеқайда көп болуы мүмкін еді.

«Біз депутаттық сауалымызда осы мәселені өзіміз де көтеріп, Үкіметке жолдадық. Қорда қаражат жеткілікті бола тұра және төлем алуға құқылы жәбірленушілер саны көп болғанына қарамастан, неліктен небәрі 855 миллион теңге ғана төленгенін түсіндіруді сұрадық. Қазір іс жүзінде төленген қаражат көлемі шамамен 9%-ды құрайды. Әрине, бұл қорға түскен бүкіл қаржы түгелдей жұмсалуы тиіс деген сөз емес. Қалай болғанда да, қорда белгілі бір резерв сақталуы керек. Дегенмен, мұндай үлкен алшақтық нақтылауды қажет етеді», – деп түсіндірді Снежанна Имашева.

Депутаттың айтуынша, төлем көлемінің төмен болуының нақты себептері туралы айтуға әлі ерте. Түсініктемені депутаттық сауал жолданған мемлекеттік органдар беруі тиіс.

Сонымен қатар халық қалаулысы басты мәселелердің бірі – халықтың ақпараттандырылу деңгейінің төмендігі болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Құқық қорғау органдары жәбірленушілерге өтемақы алу құқығы туралы хабарлауға міндетті, алайда құжаттарды жинау және оларды одан әрі рәсімдеу зардап шеккендердің өздеріне жүктеледі.

Ауыр қылмысты бастан өткерген адам үшін көмекті өз бетінше рәсімдеу қосымша ауыртпалыққа айналуы мүмкін. Депутат кейбір азаматтардың ауыр психологиялық жағдайына байланысты өтініш беруден бас тартатынын, ал енді біреулері өтемақы мөлшерін жасалған қылмыс салдарынан денсаулықты қалпына келтіруге жеткіліксіз деп санайтынын алға тартады.

Өтемақы екі есеге өсуі мүмкін

Бүгінде біржолғы төлем мөлшері 30-дан 50 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі аралықты құрайды. Бұл сомалар қор құрылған кезде, яғни оның қаншалықты тұрақты толығатыны әлі белгісіз болған тұста бекітілген еді.

Снежанна Имашеваның түсіндіруінше, бастапқыда өтемақылар қылмыстан келтірілген залалды толық өтеу емес, шұғыл қаржылай қолдау ретінде қарастырылған.

Сонымен бірге зардап шеккендер көбінесе емделу мен оңалту шығындарына тап болып, уақытша еңбекке жарамдылығы мен табысынан айырылады. Ал қаза тапқандардың отбасылары үшін қылмыс асыраушысынан айырылумен тең.

«Әрине, қолданыстағы өтемақы мөлшері қылмыстың барлық ауыр зардаптарын толық өтей алмайды. Көбінесе қылмыстан зардап шеккендер ұзақмерзімді емделуді, оңалтуды қажет етеді. Адамдар белгілі бір уақыт жұмыссыз қалуға мәжбүр болғандықтан, табысынан айырылады. Егер қаза тапқандардың отбасы туралы сөз болса, бұл жерде асыраушысынан айырылу мәселесі тұр. Әлбетте, бұл сома келтірілген бүкіл зиянның орнын толтыра алмайды», – деп атап өтті депутат.

Оның сөзінше, заңды әзірлеу кезінде қаржыландыру көздеріне қатысты елеулі қауіптер болған. Қаражаттың бір бөлігі сотталғандардан өндірілетін қаржы есебінен түседі деп болжанған, алайда олардың бәрінің бірдей жұмыс істеп, келтірілген залалды өтеуге мүмкіндігі жоқ.

Дәл осы себепті өтемақының бастапқы мөлшері салыстырмалы түрде төмен деңгейде белгіленді.

Бүгінде жинақталған қаражатты ескере отырып, депутат төлемдерді арттыру мәселесіне қайта оралуға болады деп есептейді.

«Біз өз сауалымызда осы мәселеге де назар аударып, өтемақыны ұлғайту жағын қарастыру қажеттігін айттық. Әзірге бастама ретінде төлемді дәл екі есеге арттыруды ұсынғымыз келеді. Бірақ қалай болғанда да, мұның нәтижесінде қорға қандай салмақ түсетінін есептеу керек. Ең бастысы, белгіленген соманы қордың өтей алуы маңызды», – деп баса айтты Снежанна Имашева.

Егер ұсыныс қолдау тапса, төлемдердің қолданыстағы мөлшері 30-50 АЕК-тен 60-100 АЕК-ке дейін ұлғаюы мүмкін.

Дегенмен, әзірге әңгіме дайындалып, енгізілген заң жобасы туралы емес, депутаттың бастамасы жөнінде болып отыр. Түпкілікті шешім, соның ішінде қорға түсетін қаржылық жүктемені бағалау нәтижесіне байланысты болмақ.

Жыныстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерді өтемақы алушылар тізіміне қосу ұсынылды

Тағы бір ықтимал өзгеріс мемлекеттік өтемақы алуға құқығы бар азаматтар санатына қатысты.

Қазіргі заңнамада жәбірленушілердің жекелеген санаттарына, соның ішінде жыныстық зорлық-зомбылық құрбаны болған кәмелетке толмағандарға, азаптаудан, адам саудасынан зардап шеккендерге, денсаулығына ауыр зиян келген азаматтарға және қылмыс салдарынан қаза тапқандардың туыстарына төлемдер қарастырылған.

Имашева қолданыстағы тізімді жыныстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен кәмелетке толған әйелдер есебінен кеңейтуді ұсынбақ.

Депутат өз бастамасының тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің барлығына бірдей автоматты түрде қолданылмайтынын ерекше атап өтті.

Снежанна Имашева тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің барлығын тізімге қосу әлдеқайда көп қаражатты талап ететінін және қорға шамадан тыс қаржылық жүктеме түсіруі мүмкін екенін нақтылады. Ал жыныстық зорлық-зомбылықты бастан өткерген әйелдерге қатысты тізімді кеңейтуді ол әбден мүмкін деп санайды.

Жаңа төлем алушылар санаттарының түпкілікті тізімі әзірге айқындалған жоқ. Депутат бұл мәселені қордың қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, Үкіметпен бірлесіп қарастыруды ұсынады.

Төрт ай күту: төлемдерді неліктен автоматтандырғысы келеді

Өтемақы мөлшері мен алушылар тізімінен бөлек, мемлекеттік көмекті рәсімдеу тәртібінің өзі де сұрақтар туғызады.

Имашеваның айтуынша, кейбір жағдайларда жәбірленушілер төлемді төрт айға дейін күтуге мәжбүр. Депутат мұның ықтимал себептерінің бірі ретінде бірнеше мемлекеттік орган арасында ақпарат алмасу қажеттігін атайды.

Деректер Қаржы министрлігі, ішкі істер органдары немесе басқа да тергеу органдары арқылы өтеді. Бұл қосымша тексерулер мен уақытты талап етеді.

Депутаттың пікірінше, бұл мәселені Бас прокуратураның ақпараттық жүйелері базасында процесті автоматтандыру арқылы шешуге болар еді.

«Бұл бюрократиялық рәсімдерге байланысты. Өйткені онда Қаржы министрлігі мен негізінен ішкі істер органдары арасында тізілімдермен алмасу қажет. Мұның бәрі уақыт алады, жоғары тұрған тергеу органдары тарапынан қайта тексеріледі. Уақыттың көбі осыған кетеді. Ал Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитеті жанында тамаша ақпараттық жүйелері бар. Біз автоматтандыру мүмкіндіктерін дәл солардың әлеуетін ескере отырып қарастыруды ұсынамыз», – деді Имашева.

Ақпараттық жүйе қылмыстың саралануы мен жәбірленушінің процессуалдық мәртебесі туралы мәліметтер негізінде азаматтың өтемақы алу құқығы бар-жоғын өз бетінше анықтай алады деп болжануда.

Бұл құжаттар саны мен қосымша өтініштерді қысқартуға мүмкіндік береді. Депутат ұсынған модельде жәбірленушіге тек қаражат аудару үшін банктік деректемелерін ұсыну ғана қалады.

Алайда автоматтандырудың нақты тетігін әлі де әзірлеп, уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу қажет.

Төлем ережелері қашан өзгеруі мүмкін?

Өтемақы жүйесін реформалау жөніндегі ұсыныстар «Әділет» фракциясының мүшелері Снежанна Имашева, Марат Қожаев, Айман Аймағанова және Марат Кемалов қол қойып, Бас прокурор Берік Асыловқа, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және Қаржы министрі Мәди Такиевке жолдаған депутаттық сауалда баяндалған.

Депутат заңнамалық өзгерістер бойынша одан арғы жұмыс Үкіметтің түсініктемелеріне, соның ішінде төлем көлемінің төмен болу себептері мен қордың мүмкіндіктері туралы жауабына байланысты болатынын түсіндірді.

Болашақ түзетулердің негізгі бағыттарының қатарында өтемақы мөлшерін ұлғайту, алушылар шеңберін кеңейту және мемлекеттік көмек тағайындау рәсімін жеделдету бар.

Сонымен қатар іс жүзінде қанша жәбірленушінің тиесілі ақшасын алмағаны, қай кезеңдерде қиындықтар туындайтыны және ұсынылып отырған өзгерістердің қандай қосымша жүктеме әкелетіні туралы сұрақтар ашық күйінде қалып отыр.

Оларға берілетін жауаптар қолданыстағы жүйенің тиімділігін бағалау үшін қажет. Өйткені жинақталған қаражаттың көлемі ғана мемлекеттік қолдаудың оған мұқтаж адамдарға қаншалықты қолжетімді екенін көрсете алмайды.

Депутаттың ұсыныстары әзірге талқылау сатысында. Заңнамалық өзгерістер енгізудің нақты мерзімдері белгіленген жоқ.