Құтқарушылар жолда қалып қойған 149 адамды эвакуациялады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 7-9 ақпан аралығында еліміздің құтқарушылары 149 адамды құтқарды, деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты (қар, боран, жолдың нашар көрінуі) 7-9 ақпан аралығында елімізде 41 рет дауылды алдын ала ескерту жарияланды.
Бұл туралы халыққа ескерту үшін азаматтардың ұялы телефондарына 45 СМС-хабарлама, "Дәрмен" мобильдік қосымшасы арқылы 81 хабарлама жіберілді.
Азаматтарға ақпараттар жіберілгенге қарамастан, адамдар жолға шығып, ауа райына байланысты қиын жағдайларға тап болған. Шұғыл қызметтер құтқару операцияларына жедел кірісті.
Аталған кезеңде автожолдарда авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде құтқарушылар, полиция және жол қызметтері 149 адамды, оның ішінде 3 баланы құтқарды, 20 адамды, оның ішінде 12 баланы эвакуациялады және 40 бірлік техниканы тазартылған жол учаскелеріне шығарды.
7 ақпанда Қостанай облысында "Арқалық – Амантоғай" тасжолында 3 жолаушысы бар көлік тұрып қалды. Құтқарушылар ер адамдарды тез арада Амантоғай ауылына жеткізді. Құтқару жұмыстары кезінде Амантоғай - Дамды учаскесінде көліктер колоннасы қар құрсауында қалғаны, адамдарды эвакуациялау қажет деген хабарлама келді. Құтқару жұмыстары барысында қар құрсауынан құтқарылып, Амантоғай ауылына 15 адам жеткізілді, олардың ішінде 2 бала, 10 әйел және 3 ер адам болды, - делінген министрліктің ақпаратында.
8 ақпанға қараған түні Қарағанды облысының Осакаров және Абай аудандарындағы жолдарда құтқару жұмыстары жүргізілді. ТЖД қызметкерлері бір түн ішінде 81 адамды, оның ішінде 10 баланы құтқарды. Абай ауданының, Жаңа Қараған ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 2 шақырым жерде, қар құрсауында тұрған 5 жеңіл автокөліктен 19 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылды. Адамдар Абай қаласына жеткізілді.
Осакаров ауданының "Осакаровка-Молодежный" және "Осакаровка-Нұра" автомобиль жолдарында жедел құтқару жұмыстары жүргізілді. Қар құрсауынан 20 жеңіл көлік шығарылды, олардың ішінде 58 адам, оның ішінде 7 бала болған.