Құтқарушы: Өмір үшін күресіп жатқан адамдарды аман алып шығу үшін әр секунд қымбат

Бауырлас Түркия еліне көмек беруге аттанған құтқарушылардың қатарында көкшетаулықтар да болды. 

Көкшетау қалалық мамандандырылған №1 және №2 өрт сөндіру бөлімінің  құтқарушылары Қамат Баязитов, Дархан Өмірбеков, Тілеген Темірболатов, Әлішер Қизатов зілзала аймағындағы көңілге түйген жәйттерді айтып берді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Зілзаладан зардап шеккендерге көмек беруге баратын құтқарушыларға қандай талап қойылды? 

–№1-ші мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен 5 адам, №2-ші бөлімнен 4 адамды таңдап алынды. «Холматро» деген құрылғымен жұмыс істей білуге тиіс едік. Бұл құралдарды қалай қолдану қажеттігін біз жақсы білеміз.  Бұл кез келген апатты жағдайда белгілі бір затқа бастырылып, жаншылып қалған адамды алып шығуға көмектесетін авариялық құтқару құрылғысы. Әдетте жол-көлік апаты орын алған кезде көліктің ішінен шыға алмай қалған адамды темірді жан-жағынан кесіп, алып  шығуға жәрдемдесетін құрал. Біз осы салада талай жылдан бері еңбек етіп келе жатырмыз. 

Қауіпті аумаққа жеткен сәтте қандай көрініске тап болдыңыздар? 

   –Барған сәттегі көрініс әлі көз алдымыздан кетпейді. Үлкен шағын ауданда  қираған үйлер, әлі де үміт үзбей туысқандарын іздеп жүрген адамдар, жылап-сықтаған жандар.  Құламай бос тұрған үйлер де бар екен. Олардың тұрғындары далаға шығып үлгерген екен. Бірақ ішіне кіруге қауіпті, себебі кез келген уақытта қабырғасы опырылып түсуі мүмкін. Бізді бір фабриканың ғимаратына орналастырды.  Бірден жұмыс істейтін үйді де көрсетті. Біз үш учаскеде жұмыс істедік. Жергілікті тұрғындар да көмектесіп жатты. Мысалы, біз жұмыс істеген жердегі қиранды арасынан 26 адамның мәйітін алып шықтық.  Оның 7-уі 9-15 жас аралығындағы балалар болды. Арматураларды, плиталарды қиып, әр қабатын тазартып алып отырдық. Бөлшектеп алып, кранмен көтеріп, астын қарап шығамыз, содан кейін әрі қарай қазамыз. Күн-түн демей 16 сағаттан ауысып жұмыс істедік. 

Жұмыс қаншалықты қиын болды?

–Мұндай ауқымдағы зілзала аймағында бірінші рет жұмыс істедік. Тез әрекет етіп, мүмкіндік болса әлі де өмір үшін күресіп жатқан адамдарды аман алып шығу үшін әр секунд, әр минут қымбат. Әрине, біз жұмыс істеген үйдің ішінде тірі адамның жоқ екенін алдын ала айтты. Себебі арнайы құрылғымен бәрін тексеріп шыққан екен. Түрік құтқарушыларында адамның жүрек қағысын  сездіретін арнайы аспаптар болды. Сонымен қирандылардың жанына жақындағанда белгі беріледі екен және белгілі бір уақытта бес минут үнсіздік жарияланады. Сол кезде жаңағы аспапты іске қосып, тың тыңдайды. Егер бір тіршілік белгісі білінген болса, бірден әрекетке көшеді. Біз соңына дейін тірі адамды тауып алатынымызға сендік және үміттендік. Өкінішке орай тек мәйіттерді ғана шығаруға жұмыс істедік. Ауысып отырып жұмыс істегеннің өзінде бір үйді тазартып шығу үшін жеті күн кетті. Алматыдан барған РАСО құтқарушылары біздің жанымыздағы үйде жұмыс істеді. Олар әкесі мен екі баласын аман алып шықты. Астаналық және қарағандылық құтқарушылар да төрт адамды құтқарды. Қазақстандық құтқарушылар үйінді арасынан 7 тірі адамды, 88 мәйітті алып шықты. Жалпы 75 мемлекеттен құтқарушылар келді.     

Жергілікті халықтың жағдайы қалай?

–Халық далада жүрді. Көпшілігі отбасы мүшелерін, туысқандарын тауып алудан үміттеніп, біз жұмыс істеп жатқан үйлердің қасында түнде де кетпей, от жағып, жылынып, сол жерде  күтіп отырды. Оларды баспаналарына кіргізген жоқ. Өйткені кез келген уақытта үйіндіге айналуы мүмкін еді. Сондықтан тұрғындарға үйіне кіруге тыйым салынды. Олар сол маңды айналшықтап жүрді. Газиантеп қаласында 3 млн адам тұрады екен. Жер сілкінісі екі рет орын алған. 7-ші ақпан күні түнде сағат 4-те бірінші рет сілкінген, екінші күні күндіз сағат 1-де қайталанған. Сол кезде далаға шығып үлгергендер аман қалған, үлгере алмағандар қиранды астында қалған. Көпшілігі енді қайталанбас деген үмітпен  баспанасына қайта кірген шығар, сол кезде үй құлап,  қиранды астында қалып қоюы да мүмкін. Жағдай әр түрлі. 

Көзбен көріп, көңілге түйгендеріңізбен бөліссеңіздер...

–10 күн бойы тек түнде жұмыс істедік. Қиранды арасында көбінесе балаларын қалқалап қалған әке-шеше, бір-бірін құшақтап жатқан ағайындас адамдарды таптық. Жер сілкінісі таңғы сағат 4-те болғандықтан көп адамдарды кереуетте жатқан күйінде таптық. Баспалдақпен жүгірген кезде опырылып құлаған плита астында жатқандар да көп болды. Денелері бөлшектеніп кеткендер де кездесті. Қызын құшақтап арқасымен жауып қалған әйелді көрдік. Төрт адамнан тұратын бір отбасы түгел үйінді астынан табылды. Бір ер адам үнемі қасымызда жүрді. Ол өзінің балаларын іздеді. Үш баласының суреті қолында болатын. Біз үшеуін де тауып, сыртқа шығардық. Осындай жан түршігерлік жәйттер әрине әлі көз алдымызда. Біз әр учаскені мұқият тексеріп, адам жатқанын білген сәтте плиталарды алдымен кесіп, бөлшектеп немесе ұңғыма жасап барып қана шығарып жүрдік. 

Адамдарды іздестіруге иттердің де тартылғанын білеміз. Біздің жақтан кинологтар барды ма?

–  Көкшетаудан бір кинолог пен бір ит барды. Түріктердің «АФАТ» құтқару отряды жұмыс істеген жерге біздің иісшіл ит жіберіледі. Ол адамның иісін сезіп, бір жерді айналшықтап, үріп тұрып алады. Құтқарушылар бірден сол үйінді астын арши бастайды. Зілзала аймағында осындай иісшіл иттердің арқасында көп адамды аман алып шықты. Тіпті өзінің қожайыны қай жерде жатқанын сездірген қарапайым үй жануарлары да болды. Соның арқасында табылған жандар да бар. Біздің әрқайысымызда рациялар болды. Бір-бірімізбен үнемі байланыста болдық. Әр сағат сайын хабарласып, хал-жағдайымызды айтып отырдық. 

  Түркиялықтардың өте бауырмал, балажан екендіктерін байқадық. Қазақстаннан барған құтқарушыларды жергілікті тұрғындар жылы қабылдады. Өздері қиналып жүрсе де деміңді ал деп орын ұсынып, ілтипатын білдіріп жатты.  Біз де енді мұндай қиын күндерді олардың бастарына бермесін деген тілекпен елге оралдық. 

Әңгімелеріңізге рахмет.                                       

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы