Құтқару шараларына әскери қызметшілер тартылды
Қазіргі уақытта Ырғыз ауданының Құйлыс, Жайсаңбай және Белшер ауылдарында бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Бұл іс-шараларға Қорғаныс министрлігінің 30238 бөлімінің әскери қызметшілері, 100 ерікті жан тартылып, 5 бірлік техника жұмылдырылды. Қажетті инертті материалдар бар.
Сондай-ақ Ырғыз ауданына 100 күрек, 60 матрац, 50 етік, 40 айран, 1 қап жүгері, 3 қорап консерві, 10 қорап печенье, 10 мың қап, 1 қайық, 2 тақта, 2 генератор, 1 мотопомпа, 4 қап дәрі-дәрмек гуманитарлық көмек ретінде жіберілді. Бүгін, ҚР ІІМ Ми-171 (88) тікұшағымғен аудан орталығына 100 матрас және 10 мың қап жөнелтілді.
Аудан аумағында Торғай өзенінің су деңгейінің көтерілуі 11 сәуірден басталды. Облыс басшылығының тапсырмасына сәйкес, Нұра, Мамыр және Белшер ауылдарының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Үш ауылдан 876 адам эвакуацияланды (Нұра - 655, Мамыр – 90, Белшер – 131 адам). Кейбірі туысқандарының, кейбірі №1, №2 және Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін орта мектептерге орналастырылды. Көшірілген азаматтардың жай-күйлері жақсы, барлық қажетті заттармен қамтамасыз етілді.
Айта кетерлігі, күні кеше Мамыр және Нұра ауылындарында топырақ үйіндісінен жасалған қорғаныс бөгеті шайылып, елді мекендерді су басты. Екі ауылда да су кірген үйлердің саны бірдей, он-оннан. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев пен ТЖД бастығы Нұрғали Жүнісов Ырғыз ауданында су тасқынына қарсы күрес шараларының барысын, аумақтың су басу қаупін бағамдайды.