Құрық порты акваториясының түбін тереңдету жұмыстары басталды
Мамандар порт түбін бір жарым-екі метрге тереңдетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жұмыстарға ірі еуропалық Jan De Nul компаниясының арнайы техникасы жұмылдырылды. Компаниямен ЕРС келісімшартқа қол қойылды. Компания жобалаудан бастап тереңдету жұмыстарының аяғына дейін толығымен жауапты. Порт түбін тереңдету жұмыстары терминалдың өткізу қабілетін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.
Құрық портының өткізу қабілеті 6 млн тоннаны құрайды (теміржол терминалы – 4 млн, автотерминал – 2 млн). Сондай-ақ портта 250 жүк көлігін сақтау мүмкіндігі қарастырылған. Дәл осындай жұмыстар Ақтау портында да жүргізіледі. Порт түбін тереңдету - Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамыту аясында қабылданған кешенді шараның бірі, - делінген хабарламада.
ТХКБ бойынша жүктерді тасымалдау көлемі 7 айда 62%-ға ұлғайып, 2,5 млн тоннаны құрады (2023 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 1,6 млн тоннаға тең болды).