13 Қараша 2026, 01:43 Фото: Lada.kz

Құрық ауылының кәріз суы Каспий теңізіне аққан

Мамандар судан сынама алып, зертханалық талдау жүргізген. Зерттеу қорытындысы бойынша, төгілген сұйықтықтың кәріз суы екені расталды.

Маңғыстау облысындағы Құрық ауылының кәріз сулары Каспий теңізінің жағалауына жайылған. Экологтар тұрғындардың шағымынан кейін тексеру жүргізіп, судың канализация қалдықтары екенін растады. Бұл туралы BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасаған хабарлайды.

Ауыл тұрғындары жағымсыз иіс шығып, белгісіз сұйықтықтың теңізге қарай ағып жатқанын айтып шағымданған. Кәріз сулары балалар ойын алаңының маңынан да өткен.

Тұрғындардың өтінішінен кейін Маңғыстау облысының экология департаменті мамандары тексеру жүргізді. Нәтижесінде құбырдың зақымданып, одан аққан сұйықтықтың жер бетіне жайылғаны анықталды.

Мамандар судан сынама алып, зертханалық талдау жүргізген. Зерттеу қорытындысы бойынша, төгілген сұйықтықтың кәріз суы екені расталды.

Құбырдың иесі – Қарақия аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі екені анықталды. Экологиялық заңнама талаптарын бұзғаны үшін бөлім басшылығын жауапкершілікке тарту жөнінде департамент тарапынан прокуратураға хат жолданды. Бұл мәселе департаменттің бақылауында, – деп хабарлады ведомство.

Экология департаментінің мәліметінше, құбырдағы ақау жойылған.