Құрылысы ұзаққа созылған тағы бір күре жолда асфальт төсеу жұмыстары басталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен аптада «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» тас жолында асфальт төсеу жұмыстары басталды. Жол-құрылыс жұмыстары қайта жанданып, қажет ресурстар жұмылдырылды.
Трассаның жалпы ұзындығы 768 шақырымды құрайды, 16 учаскеден тұрады. Мал айдайтын және су өткізетін құбырларды орнату жұмыстары 81%-ға, ал көпірлерді орнату бойынша жұмыстар 63%-ға аяқталды. Бас мердігер — қытайлық CITIC Construction компаниясы.
Негізгі мақсат — жыл соңына дейін құрылысы ұзаққа созылған барлық жолдардың басым бөлігінде асфальтбетон жабынын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, айналма жолдардың санын қысқартуға ерекше назар бөлініп отыр.
Құрылысы ұзаққа созылған әр күре жол бойынша шара қабылданды. Нәтижесінде бірқатар тас жолда жұмыстар қайта жанданды. Мәселен, олардың қатарында "Қарағанды-Балқаш", "Қалбатау-Майқапшағай", "Атырау-Астрахань", "Қазталовка-Жәнібек-РФ шекарасы", "Өнеге-Бейсен-Сайхин" тас жолдары бар,-деп атап өтті “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясының басшысы Мейірхат Қасымбаев.
Жалпы еліміз бойынша республикалық маңызы бар жолдардың 95 учаскесі құрылыс жұмыстарымен қамтылып отыр.