Құрылысы ұзаққа созылған 8 тұрғын үй кешенін аяқтауды жоспарлап отырмыз – Қасымбек
Астана әкімі азаматтарды қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек инстаграм парақшасында қабылдауында болған азаматтардың қандай мәселемен жүгінгенін жазды.
«Amanat» партиясының елордалық филиалының базасында азаматтарды қабылдадым. Тұрғындар негізінен баспана, әлеуметтік нысандар салу, абаттандыру, медициналық көмек, әлеуметтік көмек және т.б. мәселелер бойынша жүгінеді.
Мәселен, тұрғын үй мәселесі бойынша бірнеше бағытта жұмыс жүріп жатыр. Нақтырақ айтқанда, кезекте тұрғандарға арналған әлеуметтік пәтерлердің құрылысы, апатты жағдайдағы әрі тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу, құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй кешендерін аяқтау, көппәтерлі тұрғын үй кешендерін жөндеу. Биыл апатты тұрғын үйлерден 4 мың 200-ден астам тұрғынды көшіруді, сол сияқты құрылысы ұзаққа созылған кезекті 8 тұрғын үй кешенін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Азаматтарды қабылдауда көтерілген мәселелерді назарда ұстаймыз, - деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Бұған қоса, әлеуметтік нысандар (мектептер, спорт және медициналық нысандар) құрылысының көлемі артты. Сондай-ақ, биыл 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды.