Құрылысшы: Нақты нәтиженің көзге көрінгені – ең үлкен мотивация
Құрылысшылар күні қарсаңында BAQ.KZ тілшісі Modex зауытының аяқтау-жинақтау цехының шебері Асылхан Бәкеновпен әңгімелесті. Ол кәсіби жолы, цех жұмысының ерекшелігі және өндірістегі сапа мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдары туралы айтты.
- Асылхан мырза, ең әуелі еңбек жолыңыз қалай басталғанын айтып берсеңіз.
- Техникалық колледжді тәмамдаған соң, өндірістік кәсіпорында қатардағы жұмысшы болып бастадым. Мамандықты таңдауыма өндіріс саласына деген қызығушылығым және нақты нәтижені өз көзіммен көру ниетім түрткі болды. Бала кезімнен техника мен жабдықтардың қалай жұмыс істейтінін зерттеуге құмар болдым, сол себепті бұл сала мен үшін табиғи таңдау болды.
- Аяқтау-жинақтау цехының негізгі міндеттері қандай?
- Біздің басты міндетіміз – дайындалған бөлшектерді соңғы құрастыру, әрлеу және өнімді толық дайын күйге жеткізу. Басқа цехтарда көбіне жеке бөлшектер өндіріледі немесе аралық өңдеу жүргізіледі, ал біз барлық элементтерді біріктіріп, сапасын тексеріп, тапсырыс берушіге дайын күйде ұсынамыз.
- Шебер ретінде цехтағы процесті қалай ұйымдастырасыз?
- Жинақтау жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету, технологиялық тәртіпті сақтау және өнімнің толық дайындығын қадағалау – негізгі міндеттерім. Бұл үшін жұмысшылардың міндеттерін нақты бөлемін, өндірістік жоспарды орындауды бақылаймын және туындаған мәселелерді жедел шешемін.
- Сапа мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қандай тәсілдерді қолданасыз?
- Біз заманауи өлшеу және бақылау құралдарын, стандартталған жинақтау әдістерін қолданамыз. Әр кезеңде сапа бақылауы жүргізіледі, ал күрделі жобаларда аралық қабылдау актілері жасалады. Қауіпсіздік үшін техникалық нұсқамадан өткіземіз, арнайы қорғаныс киімін пайдаланамыз, жұмыс орындарын таза ұстаймыз. Қауіпті аймақтар белгіленіп, жабдықтардың дұрыс жұмыс істеуі күнделікті тексеріледі. Сонымен қатар, сапа стандарттары бойынша ішкі аудит өткіземіз.
- Жас мамандарды қалай тәрбиелеп, тәжірибеден өткізесіздер?
- Жаңадан келгендерді тәжірибелі мамандармен жұптастырып үйретеміз. Практикалық тренингтер мен ішкі оқыту сессияларын ұйымдастырамыз. Жастарды жобаларға командалық түрде қатыстырамыз. Жетістіктерін атап өту және мотивациялық жүйе енгізу – ұжымдық рухты көтеретін факторлар. Сондай-ақ пікір алмасу жиналыстарын тұрақты өткіземіз.
- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!