"Құрылысқа құйған ақша да, салынған пәтер де жоқ". Қарағандыда үлескерлер шу шығарды
Қарағандының «Manhattan» көпқабатты тұрғын үйінің салымшылары шу шығарды. 1 жыл бұрын пайдаланылуға берілуі тиіс үйдің құрылысы әлі бітпеген, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Қаланың Оңтүстік-Шығысындағы Тәттімбет көшесінің бойында салынуы тиіс көпқабатты тұрғын үйге салымшылар 2 жыл бұрын қаржысын құйып қойған. 2023 жылы құрылысы аяқталады деп күтілген тұрғын үйдің құрылысы бүгінде тоқтап тұр. Үлескерлер мердігер компания «Капитал Строй» ЖШС өз міндетін атқармай отыр дейді.
Екі балам бар жесір әйелмін. Бұл үйге 2 жыл бұрын ақша салдым. Алайда үйдің құрылысы тоқтап тұр. Ешқандай құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жоқ. Екі жыл болды күтіп жүрміз. Үй салушы компания біздің қоңырауларымызға жауап бермейді, байланысқа шықпайды. Біз облыс әкіміне, ел президентіне шығудан басқа амалымыз болмай отыр. Қашанғы біз пәтер жалдап жүруіміз керек. Құрылысқа құйған ақша да, салынған пәтер де жоқ, - дейді үлескер Жаңагүл Айтпаева.
«Manhattan» тұрғын үйінің құрылысына үлескерлерді тартып, пәтерлерді сатуға көмектескен «Ипотека орталығы» компаниясының басшысы құқық қорғау органдарына да шағым түсіргендігін айтады.
2022 жылы «Капитал Строй» ЖШС бізбен келісімшартқа отырды. Біздің компания «Manhattan» көпқабатты тұрғын үйінің құрылысына жиырма шақты үлескер тартты. Алайда 2023 жылдың қазан айынан бері үй салынбай жатыр. Мердігер компанияға бірнеше мәрте хабарластық, әкімдікке де жаздық, тіпті полицияға, прокуратураға да шағым түсірдік. Алайда ешқандай нәтиже жоқ. Сондықтан да өз компаниямыздың және үлескерлердің атынан осы үйдің салынып бітуін талап етеміз, - деді «Ипотека орталығы» компаниясының басшысы Айнұр Таймасқызы.