2 Қараша 2026, 18:25 Фото: Риззат Тасымның жеке мұрағатынан

Құрылыс жобаларына тәуелсіз аудит қажет – саясаттанушы

Саясаттанушы Риззат Тасым инфрақұрылымдық жобалардың ашықтығын қамтамасыз ету, тәуелсіз аудит жүргізу және тұрғындарды қоғамдық мониторингке тарту тетіктерін түсіндірді.

«Халықтық құрылыс» бағдарламасы бюджет қаражатының ашық әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етумен қатар, цифрлық теңгенің кеңінен қолданылуына да серпін беруі мүмкін. Ол үшін инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етіп, тәуелсіз сараптама жүргізу және тұрғындарды қоғамдық бақылауға тарту қажет. Бұл туралы саясаттанушы Риззат Тасым BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында мәлімдеді.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауды күшейту қажеттігін айтқан болатын. Президент осы мақсатта бейінді ведомстволардың басшылары, Құрылтай және мәслихат депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, белсенділер, волонтерлер мен журналистер кіретін мемлекеттік комиссия құруды ұсынды.

Сарапшының айтуынша, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы ел инфрақұрылымын ауқымды жаңартуға бағытталған. Оны жүзеге асыруға, соның ішінде Ұлттық қордан қаражат бөлінетіндіктен, әр теңгенің қайда жұмсалып, қандай нәтиже беріп жатқанын білу маңызды.

Ұлттық қор – бүгінгі қажеттіліктерді өтеуге ғана емес, болашақ ұрпақтың мүддесіне де қызмет етуі тиіс ортақ байлығымыз, – деді Риззат Тасым.

Саясаттанушы бағдарламаны жүзеге асыру кезінде екі негізгі бағытқа назар аудару қажет екенін атап өтті. Біріншісі – инфрақұрылымдық жобалардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігі. Салынған нысандар халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, отандық өндіріс пен кәсіпкерліктің дамуына ықпал етуі керек.

Екінші бағыт бөлінген қаражаттың ашық әрі мақсатты жұмсалуына қатысты.

Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік және қоғамдық бақылауды біріктіретін комиссия құруды негізді шешім деп санаймын, – деп атап өтті ол.

Риззат Тасым цифрлық құралдардың мүмкіндіктеріне де ерекше тоқталды. Оның пікірінше, мемлекеттік комиссияның жұмысында мұндай технологияларды барынша пайдалану қажет.

Осындай құралдардың бірі – цифрлық теңге. Ол бөлінген қаражаттың қозғалысын қадағалап, төлемдердің белгіленген мақсаттарға сәйкестігін бақылауға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді саясаттанушы.

Ол үшін Ұлттық банктің технологиялық мүмкіндіктерін мемлекеттік органдардың қаржылық бақылау тетіктерімен ұштастыру маңызды. Сонымен қатар жүйеге тапсырыс берушілерді, мердігерлер мен олардың жеткізушілерін қосу қажет.

Риззат Тасымның пікірінше, ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру цифрлық теңгені кеңінен қолдануға қосымша серпін беруі мүмкін.

Сарапшы инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуын қоғамдық бақылауға азаматтардың қатысуын да маңызды бағыттардың бірі деп атады.

Ол «Қоғамдық бақылау туралы» және «Қоғамдық кеңестер туралы» заңдарда тиісті құқықтық тетіктер қарастырылғанын еске салды. Олардың қатарында қоғамдық мониторинг, қоғамдық сараптама, қоғамдық тыңдаулар және жұмыс нәтижелері туралы есептерді тыңдау бар.

Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді бағдарлама аясында жүйелі пайдалану. Азаматтар «Халықтық құрылыс» жобаларына қатысты мәселе көтерген кезде, олардың өтініші қалай қаралғанын, қандай шешім қабылданғанын және анықталған кемшіліктердің қалай жойылғанын көре алуы керек, – деді ол.

Бағдарламаның ашықтығын қамтамасыз ету үшін саясаттанушы инфрақұрылымдық жобалар туралы мәліметтерді біріктіретін бірыңғай ақпараттық портал құруды ұсынды.

Оның пікірінше, мұндай платформада әр нысанның құны, қаржыландыру көздері, мердігерлер, аяқталу мерзімі мен орындалған жұмыстар туралы ақпарат жариялануы керек. Сондай-ақ техникалық шешімдер, экономикалық есептеулер, қауіпсіздік талаптары және күтілетін әлеуметтік нәтижелер қолжетімді болғаны жөн.

Бұл ретте ақпарат мамандарға да, қарапайым тұрғындарға да түсінікті болуы қажет.

Бұдан бөлек, Риззат Тасым ірі инфрақұрылымдық жобаларға тәуелсіз экономикалық аудит жүргізуді ұсынды.

Аудит шығындардың негізділігін, нысандарды кейін күтіп-ұстауға кететін қаражатты, тарифтерге ықпалын және өңір экономикасына ұзақ мерзімді әсерін бағалауы керек. Технологиялық сараптамаға да осы жобалардан тапсырыс алуға мүдделі емес тәуелсіз мамандарды тарту қажет. Бұл мүдделер қақтығысының алдын алуға көмектеседі, – деп санайды сарапшы.

Сонымен қатар саясаттанушы жобалардың жүзеге асырылуын бақылау үшін өкілеттігі мен жауапкершілігі айқындалған қоғамдық топтар құруды ұсынды.

Оның пікірінше, бұл жұмысқа экономистерді, экологтерді, инженерлерді, қоғам өкілдері мен жергілікті тұрғындарды тарту қажет. Осы ретте жұмыс істеп тұрған қоғамдық кеңестердің әлеуетін де пайдалануға болады. Жобаларды қоғамдық талқылау мен кері байланыс барлық кезеңде – жоспарлаудан бастап құрылыс аяқталып, нысан пайдалануға берілгенге дейін жалғасуы тиіс.

Түптеп келгенде, комиссия жұмысының басты өлшемі – жұмсалған қаражаттың халыққа нақты игілік болып қайтуы. Құрылыс сапалы аяқталып, нысандар ел игілігіне ұзақ жыл қызмет етіп, тұрғындардың негізді ұсыныстары қабылданатын шешімдерден көрініс тапқанда ғана бұл бастамаға деген қоғамдық сенім нығаяды, – деп атап өтті Риззат Тасым.

Саясаттанушының пікірінше, азаматтардың тікелей қатысуы «Халықтық құрылыс» бағдарламасының негізгі мазмұнын ашуға мүмкіндік береді.