Құрылыс саласында тек ер азаматар еңбек етеді деген таптаурын бар – Ғаббасова
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қоғамда құрылыс саласында табысты еңбек етіп жүрген нәзік жандылар аз емес. Бүгін біз геодезия саласында еңбек етіп жүрген маман Айдана Ғаббасовамен әңгімелестік.
Айдана Ғаббасова 1995 жылы Ақмола облысына қарасты Біржан сал ауданында дүниеге келген.
Ата-анам үнемі тек адал еңбегіңмен ақша тауып, біреудің ала жібін аттамауға тәрбиелеп өсірді. Отбасында үш ағайындымыз. Біз елорда өңіріне жақын аймақта тұрғандықтан жоғары оқу орнын Нұр-Сұлтан қаласынан таңдадым. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетінің «Геодезия және картография» мамандығына оқуға түстім, - дейді ол.
Жас маманның айтуынша, геодезия жердің пішіні мен мөлшерін, қабылданған координаттар жүйесіндегі нүктелер орнын анықтаудың әдістері мен тәсілдерін зерттейтін жер туралы ғылымдардың бір саласы.
Аталған университеттің «бакалавр» деңгейін 2016 жылы аяқтадым. Одан кейін Корей құрылыс компаниясына жұмысқа орналастым. Бастапқыда бұл шетелдік компания ғой деп артқан үмітім зор болды. Әдемі кеңсенің ішінде ақ жейделі көйлекпен отырып жұмыс істеймін деген қиялмен бардым. Бірақ маған керзі етік пен арнайы киім, басыма каска беріп құрылыс нысанына жіберді, - дейді Ғаббасова.
Геодезит маманның айтуынша, ол кезде компания Назарбаев университетінің маңындағы ғылыми-зерттеу паркінің құрылысын жүргізіп жатқан.
Нысанда шаң-тозаңның арасында тұншығып жүрдім. Менің мамандығым бойынша тәжірибем де болмады. Дипломды енді қолыма ұстап келген жас маманмын. Соны түсініп менің тікелей басшым Ким мырза құрылыстағы білікті мамандарды менімен тәжірибелерін бөлісіп, көмектесуін өтінді. Осылайша, біраз шыңдалдым. Құрылыс нысанында тек ер адамдармен жұмыс істеймін бе деп ойладым. Алайда уақытша кеңседе қыздар да баршылық екенін көрдім, - дейді маман.
Оның айтуынша, жұмыста ер мен әйелдің аражігі бөлінбейді, барлығына бірдей жауапкершілік артылады.
Жынысқа бөлушілік болмады деуге болады. Оңай болсын, қиын болсын жұмысты барлығы бірдей сапалы жасауы керек болды. Мамандығымның жаңа қырларын ашу өте қызық болды. Қызметкерлерді тамақпен қамтамасыз ету сынды жағдайлар да жасалды. Бірақ қыстың сарышұнақ аязды күндері құрылыс нысандарын аралап жүруге тура келді. Геодезист маманы болғандықтан жұмыс барысы көп жағдайда далада жүзеге асырылды, - дейді Айдана Мұратқызы.
Оның айтуынша, қыс кезінде тек бір кәрізді қазумен айналысқан кезеңдер болған.
Елорданың қысы қатты болғандықтан үнемі сондай жағдайда жұмыс істеу денсаулығыма кері зиян етпей ме деген үрей туындай бастады. Ол жерде біраз тәжірибе жинақтаған соң, мені тәжірибелі маман ретінде Бурабайдағы құрылыс алаңына жіберді. Бурабайдың табиғаты бізге аян. Таулы-тасты, қатпары көп мекен. Ол жерде жерді қазу жұмыстары тіптен қиындайды. Траншеяны гидравликалық балға арқылы қазу көп уақыт алатын еді. Біз осы қазулардың дұрыс жүзеге асырылуын бақыладық. Ол үрдістің жанында тұрудың өзі қауіпті еді. Себебі қазу кезінде тастар жан-жаққа атқалып, ұшуы мүмкін. Оған қоса жер өлшейтін тахеометр, нивелир сынды қондырғыларды көтеріп жүру де қыз балаға ауыртпалық тудыратын еді , - дейді ол.
Геодезист маман осындай жайттардан кейін кәсіби бағытын ауыстыру жайлы ойлана бастаған.
Ғылыммен айналысам ба, мұғалім болсам ба екен деген ойлар туындады. Сол себепті мен оқуымды одан әрі жалғастырмақ ниетпен Қазақ Агротехникалық университетіне өз мамандығым бойынша магистратурасына түстім. Екі жыл оқу кезінде жұмыс істемедім. Өзіме, оқуға, ғылымға бет бұрдым. Диссертацияларымды жазуға уақыт бөліп, магистр деңгейін «қызыл» дипломмен аяқтадым, - дейді Ғаббасова.
Маманның айтуынша, оқуын тәмамдаған соң құрылыс саласындағы құжатнамалар бойынша жұмыс іздей бастаған.
Құрылыс саласынан басқа салада өзімді елестете алмадым. Сондықтан кеңседе отырып, сырттағы құрылысты реттейтін құжаттармен айналысатын қызмет іздедім. Осылайша, жеке компанияға сыртқы инженерлік жүйе құрылысы бойынша жұмысқа тұрдым. Құрылыста ер азаматтар жүреді. Ал қыз-келіншектер кеңседе құжаттарды реттейді. Осындай іс жаныма жақынырақ екенін түсіндім, - дейі ол.
Геодезист маманның айтуынша, құрылыс саласында тек ер азаматтар ғана жұмыс істейді деген таптаурын бар.
Алайда бұл салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер де баршылық. Олар да ірі құрылыс нысандарының сәтті аяқталуына үлес қосып жатыр. Құрылыста жүретін барлық қызметші құрылыс қауіпсіздігін қатаң ұстануы керек. Ол өте маңызды. Мысалы, бізде құрылысты вахталық режиммен істеп жүрген әйелдер де бар. Олар отбасына да, өзінің сүйікті ісіне де бірдей үлгеріп жүр. Сондықтан қазір студент жастар құрылыс саласы қиын деп келуге жүрегі дауаламай жүрсе, бұл мүлде олай емес екенін жеткізгім келеді. Бұл сала өте қызықты әрі жаңашылыдығы мол. Адам сүйікті ісімен айналысса, табысқа жете алады деп ойлаймын, - дейді Айдана Ғаббасова.