Құрылыс нормаларын бұзған: Алматыда тау бөктеріндегі тұрғын үйлер сүрілуде

Алматы қаласының Бостандық ауданында орналасқан "Жаңару" 556 ӨК аумағындағы екі блокты тұрғын үй сот шешімімен бұзылып жатыр. Бұл туралы Қалалық қала құрылысын бақылау басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мекеменің мәліметінше, меншік иесі құрылыс жұмыстарын бастамас бұрын тау етегін кесіп, тірек қабырғасын заңсыз тұрғызғаны үшін ескерту алған. Кейіннен бау-бақша үйі салуға рұқсаты бола тұра, ол ережені бұзып, екі блокты тұрғын үй салып, оны өз бетімен пайдалануға берген.

Алайда бұл әрекеттер бекітілген эскиздік жобаға сәйкес келмегендіктен, басқарма меншік иесіне қатысты әкімшілік шаралар қолданып, 2024 жылы сотқа жүгінген. 2025 жылғы 20 мамырда меншік иесінің апелляциялық шағымы қанағаттандырылмай, нысанды бұзу туралы шешім заңды күшіне енді.

Қазіргі уақытта тұрғын үйлерді сүру жұмыстары Алматы қаласы Әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен жүргізілуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Алматы қаласының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы