Құрылыс материалдары қымбаттай ма? Сарапшы импорт шектеуінің салдарын айтты
Қазақстанда үшінші елдерден бірқатар құрылыс материалдарын әкелуге алты айға шектеу қойылды. Бұл шешім отандық өндірісті қолдауы мүмкін. Алайда ішкі нарық толық қамтамасыз етілмеген кейбір сегменттерде тапшылық туып, баға өсуі және құрылыс нысандарын тапсыру мерзімі созылуы ықтимал. Әсіресе табақ шыны, әрлеу материалдары мен құрғақ құрылыс қоспаларына қатысты тәуекел жоғары. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне құрылыс саласының сарапшысы Диляра Сейітнұрова айтты.
Тыйым ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 15 мамырдағы №237 бұйрығымен енгізілді. Құжат 30 мамырда күшіне енді және алты ай қолданылады. Шектеу үшінші елдерден жеткізілетін өнімдерге қатысты, ал ЕАЭО мемлекеттерінен келетін импортқа қолданылмайды.
BuildExpert компаниясының құрылыс және девелопмент саласындағы сарапшысы Диляра Сейітнұрованың айтуынша, шектеудің әсері материал түріне қарай әртүрлі болады. Мәселен, Қазақстан цементке деген ішкі сұранысты іс жүзінде өзі қамтамасыз етіп отыр. Ал шыны нарығындағы жағдай күрделірек.
Цементке деген қажеттілікті біз өзіміз дерлік толық қамтамасыз етіп отырмыз. 2025 жылы елімізде рекордтық 14,4 млн тонна цемент өндірілді, өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі шамамен 92,5%-ды құрайды. Сондықтан цемент бойынша тыйым іс жүзінде ештеңені өзгертпейді, өйткені үшінші елдерден келетін импорт онсыз да аз болған. Ал шыныға қатысты жағдай мүлде басқа. Қазір Қызылордада Orda Glass жұмыс істейді. Бұл – республикадағы табақ шыны шығаратын жалғыз ірі өндіріс. Бір зауыттың сұраныстың барлық көлемін де, өнімнің барлық түрін де толық қамтамасыз етуі мүмкін емес, – деді сарапшы.
Оның бағалауынша, гипсокартон мен құрғақ құрылыс қоспалары бойынша отандық кәсіпорындар нарық қажеттілігінің шамамен 60-65%-ын ғана қамтамасыз етеді. Өңделген тастың жекелеген түрлеріне қатысты да қиындықтар туындауы мүмкін.
Жеткізуші азайса, баға өсуі мүмкін
Импорттық шектеудің тағы бір ықтимал салдары – нарықтағы бәсекенің төмендеуі. Бұл әсіресе ішкі өндірісте бір немесе бірнеше ірі кәсіпорын ғана жұмыс істейтін сегменттерге әсер етуі мүмкін.
Нарықтан сыртқы бәсекелес кеткен кезде жергілікті өндіруші үшін бағаны тежеп тұрған шек жойылады. Қазақстан құрылысшылар одағы бұған дейін баға 25-30%-ға дейін өсуі мүмкін екенін айтқан. Алайда бұл – саланың ұстанымы, расталған есеп емес, сондықтан оған сақтықпен қарау керек. Цемент бойынша мұндай сценарийдің ықтималдығы төмен, өйткені оның бір шаршы метрдің құнындағы үлесі аз. Ал шыны мен әрлеу материалдары бойынша тәуекел жоғары, әсіресе ішкі өндіріс іс жүзінде монополияланған сегменттерде. Тапшылық байқалатын өңірлерде жекелеген материалдар бағасының өсуі әбден мүмкін, – дейді Сейітнұрова.
Сарапшының айтуынша, ең осал аймақтардың қатарында шалғай өңірлер бар. Себебі өндірістік қуаттар ел аумағында біркелкі орналаспаған. Мәселен, шыны өндірісі Қызылордада шоғырланған, ал цемент зауыттарының бір бөлігі оңтүстік және орталық өңірлерде орналасқан.
Сондықтан өнімді батыс облыстарға елдің бір шетінен екінші шетіне жеткізу логистикалық шығынды арттыруы мүмкін. Бұған дейін кейбір материалдарды бұл өңірлерге жақын орналасқан шетелдік нарықтардан әкелу тиімді болған.
Құрылыс нысандарының мерзімі созылуы мүмкін
Тағы бір мәселе – бұрыннан жасалған келісімшарттар. Егер жоба бастапқыда ЕАЭО-ға кірмейтін елден жеткізілетін шыныға немесе құрылыс қоспаларына есептелсе, смета бекітілгеннен кейін құрылыс компаниясына жаңа жеткізуші іздеуге тура келеді.
Смета көбіне алдын ала бекітіліп қояды, әсіресе бағасы өзгермейтін нысандар мен мемлекеттік тапсырыс бойынша. Егер жаңа жеткізушінің өнімі қымбатырақ болса, құрылыс салушы айырмашылықты өз маржасының есебінен жабады. Үлестік құрылыс нысандарында бұрын сатылған пәтерлердің бағасын көтеруге болмайды. Сондықтан негізгі соққы компанияның табысына тиеді, ал қаржылық жағдайы әлсіз жобаларда құрылыстың тұрақтылығына да әсер етуі мүмкін, – деп түсіндірді сарапшы.
Әсіресе әйнектеу және ішкі әрлеу кезеңіне жақындаған нысандар тәуекел аймағында.
Ғимараттың қаңқасы мен іргетасы бізде жеткілікті материалдардан салынады. Ал әйнектеу мен әрлеу жұмыстары нысанды тапсыруға жақын кезеңде жүргізіледі. Сондықтан осы күзде дәл осы кезеңдерге өтетін нысандар шыны мен құрылыс қоспаларының нарықта болуына көбірек тәуелді болады. Бұл әсіресе нақты мерзіммен салынып жатқан әрі әйнектеу көлемі көп мектептерге, балабақшалар мен емханаларға қатысты. Егер нарықта қажетті материал болмай қалса, нысанды пайдалануға беру мерзімі кейінге шегерілуі мүмкін, – деп ескертті Сейітнұрова.
Алты айлық тыйым жаңа зауыт салуға жеткілікті ме?
Сарапшының пікірінше, импортты шектеудің өзі жаңа өндірістердің ашылуына кепілдік бермейді. Ірі зауыт салу ұзақмерзімді инвестицияны талап етеді, ал алты айлық шектеу бизнес үшін мұндай шешім қабылдауға жеткіліксіз.
Зауыт, әсіресе шыны зауыты – бірнеше жылдық жұмыс пен миллиардтаған инвестицияны қажет ететін жоба. Алты айға ғана енгізілген шектеуге сүйеніп ешкім өндірістік желі салмайды. Бизнеске ұзақмерзімді әрі болжамды ережелер, шикізатқа қолжетімділік, арзан энергия және ұзақмерзімді қаржыландыру қажет. Сонымен қатар өндіруші алдағы жылдар бойы сенім арта алатын түсінікті өткізу нарығы болуы керек. Шектеулер Қазақстанда қажетті шикізат бар және ішкі сұранысты өз өндірісі есебінен жабуға нақты мүмкіндік болатын салаларда ғана нысаналы түрде қолданылуы тиіс, – деді Диляра Сейітнұрова.
Осылайша, импорттық шектеудің әсері құрылыс нарығының әр сегментінде әртүрлі болуы мүмкін. Отандық өндіріс ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алатын бағыттарда бұл шара жергілікті кәсіпорындардың жүктемесін арттыруға ықпал етеді. Ал өндірістік қуаты жеткіліксіз сегменттерде тапшылық, шығынның өсуі және жекелеген құрылыс нысандарын тапсыру мерзімінің созылу қаупі бар.