Құрылыс кодексі күшейді: тұрғындардың құқығы қалай қорғалады?
Жаңа Құрылыс кодексі ретсіз құрылыс пен жосықсыз құрылыс салушыларға тосқауыл қоюды көздейді. Заң қарапайым тұрғынға қандай нақты кепілдік береді? Осы және өзге де сұрақтарға "Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты"АҚ Жобалық кеңсе басшысы Нұрдәулет Егізеков жауап берді.
– Құрылыс кодексін қабылдаудағы басты мақсат – азаматтардың құқықтарын қорғау делінді. Бұл заң қарапайым тұрғынға қандай кепілдік береді?
– Жаңа Құрылыс кодексі тұрғындарды ретсіз құрылыс, жосықсыз құрылыс салушылар және құрылыс ақауларынан қорғауға бағытталған. Енді барлық ғимарат елді мекеннің бекітілген бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына қатаң сәйкес салынуы тиіс. Әлеуметтік инфрақұрылым, жасыл аймақтар және құрылыс тығыздығы міндетті түрде ескеріледі.
Заң бойынша құрылыс нысанына жалпы кепілдік мерзімі кемінде 5 жыл, ал тіреуіш конструкциялар, іргетас пен шатыр жабыны үшін 10 жыл болып бекітілді. Осы мерзім ішінде анықталған ақауларды құрылыс салушы компания өз есебінен жоюға міндетті.
Құрылыс нормаларының бұзылуы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары арқылы тіркеледі. Талапты орындамаған компанияларға айыппұл салынып, лицензиясы уақытша тоқтатылуы немесе толықтай жойылуы мүмкін. Бұл тұрғындардың құқығын бұзуды экономикалық және құқықтық тұрғыдан тиімсіз етеді.
– Жер сілкінісі қаупі жоғары аймақтардағы құрылысқа қойылатын талаптар қалай күшейтілді?
– Құрылыс кодексіне сәйкес сейсмикалық аймақтандыру және микроаймақтандыру карталарын қолдану міндеттелді. Бұл құжаттар қала құрылысы жобаларын әзірлеу, нысандарды жобалау және салу кезінде міндетті түрде ескеріледі.
Қолданыстағы ғимараттарды паспорттау енгізіліп, олардың нақты жағдайы мен сейсмикалық тәуекелі бағаланады. Ал жаңа нысандарға күшейтілген конструкциялық талаптар қойылып, сейсмоизоляциялық жүйелер мен заманауи технологияларды қолдану қарастырылған.
– Алдыңғы нормалармен салыстырғанда негізгі айырмашылық неде?
– Негізгі айырмашылық – жүйелі тәсіл. Бұрынғы заңнама құрылыс нысанын пайдалануға берумен ғана шектелетін. Ал жаңа Құрылыс кодексі нысанның өмірлік циклін толық қамтиды: жоспарлау, жобалау, құрылыс, пайдалануға беру, пайдалану және бұзу кезеңдерінің барлығы заңмен реттеледі.
Сонымен қатар, бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары міндетті түрде мемлекеттік сараптамадан өтеді. Бұрын бір жылда екі рет түзету енгізуге болатын болса, енді екі жылда бір рет қана өзгертуге рұқсат беріледі.
Құрылыс процесі толық цифрландырылып, инженерлік-техникалық мамандарды аттестаттау орнына еуропалық тәжірибеге негізделген сертификаттау енгізіледі. Мамандардың біліктілігі автоматты түрде бақыланады, ал нарыққа шығатын компаниялар алдын ала тексеріледі.
– Қауіпсіздік талаптарын бұзған құрылыс компанияларына қандай жауапкершілік қарастырылған?
– Құрылыс нысанына берілген кепілдік мерзімі ішінде құрылыс салушы компания анықталған барлық ақау үшін материалдық жауапкершілік көтереді. Сонымен қатар, жобалаушы, құрылысшы, сарапшы, авторлық және техникалық қадағалау мамандары нысанның сапасы үшін бірлескен жауапкершілікке тартылады.
Сертификаттау жүйесі енгізілгеннен кейін құрылыс барысындағы қателіктер үшін компаниямен қатар инженерлік-техникалық мамандар да жеке жауап береді.
– Қала мен елді мекендерді жоспарлауды ретке келтіру деген нені білдіреді?
– Бұл енді кез келген жаңа құрылыс тек бас жоспар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес жүргізілуі тиіс деген сөз. Қабат саны, құрылыс тығыздығы, жердің функционалдық мақсаты, жасыл аймақтар мен әлеуметтік инфрақұрылым толық бақылауда болады.
Нормалар бұзылған жағдайда құрылыс тоқтатылып, айыппұл салынады. Негізгі мақсат – тұрғындардың өмір сүру сапасын төмендететін ретсіз әрі тығыз құрылысқа жол бермеу.
– Тығыз салынған аудандардағы ретсіз құрылысқа бұл кодекс тосқауыл қоя ала ма?
– Иә. Жаңа Құрылыс кодексі тарихи қалыптасқан аудандардағы нығыздалған құрылысқа нақты шектеулер енгізеді. Енді егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына түзету енгізу арқылы биіктік, тығыздық немесе функционалдық мақсатты өзгертуге жол берілмейді.
Түзетулер екі жылда бір рет қана жасалады және барлық қала құрылысы жобалары міндетті мемлекеттік сараптамадан өтеді. Нығыздалған құрылыс тек ерекше жағдайда, тұрғындардың өмір сүру ортасына зиян келмеген кезде ғана мүмкін болады.
– Жаңа кодекс бойынша әкімдіктердің қала құрылысына қатысты шешімдері қалай өзгереді?
– Әкімдіктердің жобаларды бекіту және орындалуын бақылау құқығы сақталады. Алайда олардың шешімдері енді мемлекеттік сараптама мен цифрлық жүйелер арқылы тексеріледі.
Сонымен қатар қала құрылысы жобалары мен өзгерістер қоғамдық талқылаудан өтуі тиіс. Бұл шешімдердің ашықтығын арттырып, тұрғындар мүддесінің ескерілуін қамтамасыз етеді.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!