28 Қазан 2026, 16:03 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Құрылыс экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күшіне айналуы мүмкін – Айбар Олжай

Президенттің Жолдауда келесі жылды Жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялау туралы ұсынысы өңірлердегі инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Айбар Олжайдың пікірінше, бұл бастама бизнестің шығынын азайтып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етуге тиіс, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет облыс орталықтарында, аудандар мен елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салуға және жөндеуге кіріспек. Айбар Олжай Қазақстанға өсіп жатқан халықтың қажеттілігін өтейтін, өңірлердің мүмкіндігін кеңейтетін инфрақұрылым қажет екенін айтады.

Құрылыстың экономикаға әсері бірден бірнеше бағытта тарайды. Жаңа нысанға тапсырыс берілсе, құрылыс материалдарын өндірушіге, тасымалдаушыға, жобалаушыға жұмыс табылады. Жұмысшылар жалақы алады, жергілікті кәсіпкерлердің тауары мен қызметіне сұраныс артады. Сондықтан өңірлердегі құрылыс сол жердегі шағын және орта бизнеске де табыс әкелуге тиіс, – дейді экономист.

Оның пайымынша, келесі жылы құрылыс экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күшіне айналуы мүмкін.

Демек, келесі жылы экономикалық өсімнің негізгі локомотиві рөлі құрылысқа өтетін сияқты. Оның ІЖӨ құрылымындағы үлесі артатыны анық. 35 жылдық тарихымызда мұндай стимулдық құбылыс кемінде төрт рет орын алған болатын, – деп есептейді ол.

Айбар Олжай ең маңызды нәтиже нысандар пайдалануға берілгеннен кейін көрінетінін атап өтті. Инфрақұрылымның дамуы тұрғындардың қызметтерге қолжетімділігін арттырып, кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік ашады.

Жол жүкті жеткізу уақытын қысқартады. Инженерлік желілер кәсіп ашуға мүмкіндік береді. Оңалту орталығы баланың қажетті көмекті тұрғылықты жерінде алуына жағдай жасайды. Кітапхана мен ғылыми орталық жастардың білімге қолжетімділігін кеңейтеді. Осындай өзгерістердің жиынтығы халықтың тұрмыс сапасын көтереді, – дейді ол.

Ол Президенттің жасанды интеллект дәуірінде құрылысқа басымдық беру туралы сөзін елдің нақты қажеттіліктеріне инвестиция салу міндеті деп түсінеді.

Жасанды интеллект қанша дамыса да, сапалы жолдың, сенімді электр желісінің, қолжетімді аурухананың қажеттілігі жоғалмайды. Оның үстіне цифрлық экономиканың өзі электр қуатына, байланысқа және білімді мамандарға сүйенеді, – дейді Айбар Олжай.

Сонымен бірге ол ауқымды құрылыстың қайтарымы қаржы көлемімен ғана анықталмайтынына назар аударды. Құрылыс жоспарымен қатар отандық өндіріс пен кадр даярлау мүмкіндігін де ескеру қажет.

Материал мен маман тапшылығы туындаса, шығын өседі. Жергілікті өндіріс дайын болмаса, тапсырыстың елеулі бөлігі импортқа кетеді. Сондықтан құрылыс жоспарымен қатар отандық кәсіпорындардың қуатын және кадр даярлау мүмкіндігін есептеу қажет, – деп атап өтті ол.

Айбар Олжайдың пікірінше, бастаманың нәтижесін халық пен бизнеске тигізген нақты пайдасына қарап бағалау керек.

Бұл бастаманың нәтижесін қарапайым өлшемдермен бағалайтын боламыз. Цикл біткеннен кейін қанша адамның жолы қысқарды, қанша бала оңалту қызметіне қол жеткізді, қанша кәсіпкерге жаңа мүмкіндік ашылды деген нәтижелерді санаймыз, – дейді ол.