Құрылтайда заң жобалары үш оқылымда қаралады: Жаңа регламентте не бар?
Құрылтай отырысында Құрылтай депутаты Снежанна Имашева Құрылтай Регламентінің ұсынылып отырған жобасы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрылтай Регламентінің ұсынылып отырған жобасы – еліміздегі жоғары өкілді органның ішкі ұйымдастырылуын және қызмет тәртібін айқындайтын құжат. Регламентінің жобасы қабылданды.
Жоба барлығы 31 тараудан және 310 тармақтан тұрады.
Құрылтай қызметінің негізгі нысаны – оның сессиялары. Кезекті сессия жылына бір рет – қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өткізіледі. Кезекті сессиялар арасындағы кезеңде депутаттар заң шығару бастамасы құқығын іске асыру, заңдарға түзетулер әзірлеу, сайлаушылармен жұмыс істеу сияқты өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Өңірлерге шығу үшін депутаттарға күнтізбелік он күнге дейін уақыт беріледі. Мұндай шығулар әр сессияда кемінде екі рет жүзеге асырылуға тиіс, – дейді Құрылтай депутаты.
Құрылтай отырыстары, әдетте, сәрсенбі және бейсенбі күндері, тыңдаулар – жұма күндері, Үкімет сағаттары – дүйсенбі күндері өткізіледі.
Отырыс депутаттардың жалпы санының кемінде үштен екісі, яғни кемінде 97 депутат қатысқан жағдайда заңды болып саналады. Регламентте отырыстарды шақыру және өткізу, күн тәртібін қалыптастыру, депутаттарды тіркеу, жарыссөздер өткізу мен дауыс беру тәртібі толық түрде айқындалады.
Негізгі қағидат – Құрылтай жұмысының ашықтығы. Отырыстар ашық өткізіледі және олардың трансляциясы көзделеді. Сонымен қатар кейбір көзделген жағдайларда қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қорғау талаптары сақтала отырып жабық отырыстар өткізілуі мүмкін.
Заң шығару процесі қалай?
Бұл – Регламенттің ең ауқымды әрі мазмұнды бөліктерінің бірі. Жобада заң жобасының Құрылтайға енгізілген кезінен бастап заң қабылданғанға дейінгі бүкіл өту жолы толығымен реттеледі.
Заң шығару бастамасы құқығы тек қана Құрылтайда іске асырылады.
Заң жобасы тіркелгеннен кейін Бюро оны бас комитетке жібереді. Бас комитет жұмыс тобын құрып, заң жобасының одан әрі пысықталуын ұйымдастырады.
Заң жобасы үш оқылымда қаралады. Халықаралық шартты ратификациялау немесе денонсациялау туралы заңдар бұған жатпайды. Мұндай жобалар екі оқылымда қаралады, – дейді Имашева.
Бірінші оқылымда заң жобасының мақсаттары, міндеттері, негізгі ережелері, сондай-ақ оны қабылдаудың ықтимал әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және өзге де салдары талқыланады. Бірінші оқылымнан кейін түзетулер егжей-тегжейлі пысықталады. Оларды жұмыс тобы мен бас комитет жинақтап, салыстырма кестеге енгізеді.
Екінші оқылымда жұмыс тобына немесе бас комитетке енгізілген заң жобасына түзетулер қаралады.
Үшінші оқылым Құрылтайдағы заң шығару рәсімін аяқтайды.
Бұл кезеңде заң жобасын Қазақстан Республикасының Конституциясына және өзге де заңнамасына, заң техникасы қағидаларына сәйкес келтіруге, ішкі қайшылықтар мен редакциялық сипаттағы ескертулерді жоюға бағытталған түзетулер ғана қаралады.
Екінші оқылымда мақұлданған жобаның құқықтық мазмұнын өзгертетін түзетулер қаралмайды.
Түзетулермен жұмыс істеу тәртібі де жеке реттелген. Жобада депутаттардың, комитеттердің және фракциялардың түзетулер енгізу тәртібі, салыстырма кестелерді дайындау, түзетулерді жұмыс тобы мен бас комитетте қарау рәсімдері белгіленген. Сонымен қатар Құрылтайда қаралып жатқан заң жобаларына Үкіметтің ұсыныстарын қараудың арнайы тәртібі көзделген, – дейді ол.
Комитет ұсыныстарды қарап, оның қорытындысы бойынша оларды салыстырма кестеге енгізу немесе енгізбеу туралы шешім қабылдауға тиіс.
Бұл, бір жағынан, жедел заңнамалық ден қою мүмкіндігін сақтап қалу, ал екінші жағынан – заңнамалық бастаманың белгіленген рәсімін алмастыруға жол бермеу үшін өте маңызды.
Заң жобасын заңнамалық бастама субъектісі оны қараудың кез келген кезеңінде қайтарып ала алады.
Регламентте заңнамалық сипатта болмайтын актілерді қабылдау тәртібі де реттелген. Оларға өтініштер, декларациялар мен мәлімдемелер жатады, – деді депутат.
Сонымен бірге Регламент Құрылтайдың Конституцияда көзделген лауазымды адамдарды тағайындауға Президентке келісім беру, Жоғарғы Сот судьяларын сайлау және қызметтен босату, сондай-ақ Конституциялық Сот пен Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмаушылықтан айыру жөніндегі өкілеттіктерін жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
Тиісті ұсынымдар мен кандидатураларды енгізу және қарау, оларды талқылау, дауыс беру және Құрылтай шешімдерін қабылдау рәсімдері белгіленеді, – дейді Имашева.