Құрылтай, вице-президент және жаңа саяси жүйе: Билікте не өзгереді?

Қазақстанда саяси жүйені қайта форматтау мәселесі күн тәртібіне шықты. Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Парламентті жаңа форматта қайта құруға қатысты бірқатар бастама көтерді. Осы және өзге де өзекті мәселелерді Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаевпен талқыладық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық құрылтайда айтылған ұсыныстардың негізгі өзегі – саяси жүйені институционалдық тұрғыда жаңарту. Президент Парламенттің атауын өзгерту, құрылымын оңтайландыру және сайлау жүйесін толық партиялық модельге көшіру мүмкіндігін көтерді. Бұл бастамалар билікті орталықтандырудан гөрі, саяси процестердің айқындығын арттыруға, жауапкершілікті нақтылауға және өкілді органның рөлін күшейтуге бағытталғаны атап өтілді.

Сонымен қатар болашақ заң шығарушы органды «Құрылтай» деп атау ұсынысы да қоғамда қызу талқылануда. Егер бұл өзгеріс тек атаумен шектелмесе, онда жаңа форматтағы Құрылтай қазіргі Мәжілістен мазмұны мен функциясы жағынан да ерекшеленуі тиіс. Бұл – тарихи-мәдени сабақтастықты сақтай отырып, заң шығару үдерісіне қоғамдық консенсус элементтерін күшейтуге бағытталған қадам ретінде қарастырылады.

Президент Қазақстанда вице-президент лауазымын енгізу мүмкіндігін де айтты. Аталған институт Конституцияға енгізілуі тиіс және кең ауқымды міндеттерді қамтуы ықтимал. Вице-президент институты атқарушы билік ішіндегі жауапкершілікті нақтылауға, стратегиялық бағыттар бойынша сабақтастықты қамтамасыз етуге және басқару жүйесіндегі жүктемені теңгеруге қызмет етуі мүмкін.

Егер Президент ұсынған реформалар толық іске асса, олардың нәтижесін қарапайым азаматтар да сезінуі тиіс. Бұл – заңдардың сапасы, мемлекеттік шешімдердің ашықтығы, халықтың саяси үдерістерге қатысу мүмкіндігі және билік институттарына деген сенім деңгейі арқылы өлшенеді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы