3 Тамыз 2026, 13:12 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Құрылтай сайлауындағы бюллетень қандай болады? ОСК түсіндірді

Қазақстанда өтетін Құрылтай сайлауына 12,7 млн бюллетень басып шығарылады.

Құрылтай депутаттарын сайлауға арналған дауыс беру бюллетені қандай болатыны, қанша дана басып шығарылатыны және оның сайлау учаскелеріне қашан жеткізілетіні туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ортсайлауком мүшесі Михаил Бортник ОСК Құрылтай депутаттарын сайлау жөніндегі дауыс беру бюллетенінің нысаны мен мәтінін, оларды дайындау тәртібі мен қорғаныс дәрежесін белгілейтінін атап өтті.

Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясы сайлау бюллетеньдерін дайындауды және оларды аумақтық сайлау комиссияларына жеткізуді қамтамасыз етеді.

Дауыс беруге арналған бюллетеньге жеребеге сәйкес реттілікпен саяси партиялардың атаулары және «Бәріне қарсымын» деген жол енгізіледі.

Сайлау бюллетеньдері учаскелік сайлау комиссияларына сайлаудан ерте дегенде үш күн бұрын және сайлаудан кемінде бір күн бұрын жеткізіледі.

Дауыс беру бюллетенінің бланкісі – екі жақты, А4 форматында. Түсі – көгілдір түсті. Бірінші бетінде – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы, бюллетеньнің атауы. Екінші бетінде – 2026 жылғы 23 шілдеде өткізілген жеребе қорытындысына сәйкес ретпен саяси партиялардың атаулары және «Бәріне қарсымын» деген жол. Бюллетеньдердің қорғаныс дәрежесін белгілеу жөнінде ұсыныстар әзірленді. Олар офсеттік баспа тәсілімен қолданылатын полиграфиялық қорғаныс әдісін, түсін, баспа қарпін және тағы басқаларды қамтиды. Республика бойынша сайлаушылар тізіміне 12 605 788 сайлаушы енгізілген. Дауыс беруге арналған бюллетеньдер сайлау округіндегі сайлаушылардың жалпы санының 1 пайызы резервімен сайлау округіндегі сайлаушылардың санына тең мөлшерде әзірленеді. Осыған байланысты дауыс беру бюллетеньдері 12 731 847 дана көлемінде дайындалатын болады, – дейді ОСК мүшесі Михаил Бортник.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман Қазақстанда сайлаушыларға арналған онлайн-сервистер іске қосылатынын мәлім етті. 

Белгілі болғандай, Қазақстанда 10 400-ден астам сайлау учаскесі жұмысын бастады. 7 тамыздан бастап әрбір сайлаушы дауыс беруге қатысу құқығы бар азаматтардың тізіміндегі өзі туралы мәліметтердің дұрыстығын тексере алады.