Құрылтай сайлауында жастардың рөлі қандай болды? – сарапшы жауап берді
Қазақстандағы Құрылтай сайлауына жастардың қатысуы елдегі саяси үдерістердің легитимдігін күшейтіп, қоғамның саяси белсенділігін көрсетеді. Бұл туралы заң ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шамалдин Ибрагимовтың айтуынша, қазіргі таңда жастар қоғамдық процестерді алға жылжытатын негізгі күштердің біріне айналып отыр.
Жастар, біріншіден, үлкен электоралдық ресурс. Екіншіден, олардың саяси белсенділігі бүгін сайланған Құрылтайдың легитимдігін айқындайды. Сондықтан жастардың сайлауға қатысуын маңызды көрсеткіш деп бағалаймыз. Олар дауыс беру арқылы мемлекеттің алдағы бірнеше жылдағы стратегиялық даму бағытын таңдауға қатысады, – деді сарапшы.
Оның сөзінше, елде жүзеге асырылып жатқан реформалардың басым бөлігі болашақ ұрпақтың өміріне тікелей әсер етеді. Себебі кез келген саяси, әлеуметтік немесе экономикалық өзгерістің нәтижесі бірден байқалмайды.
Реформалардың нәтижесін бес жылдан кейін немесе он жылдан кейін көруіміз мүмкін. Сондықтан жастардың саяси науқанға әртүрлі формада қатысуы – мемлекеттің қарқынды дамуына өз үлесін қосуы деп бағалауға болады, – деді ол.
Жастар сайлау науқанына қалай қатысты?
Заң ғылымдарының докторы жастардың белсенділігі тек дауыс берумен шектелмегенін атап өтті.
Оның айтуынша, сайлау кезеңінде жастар волонтерлік қозғалыстарға қатысып, сайлау науқандарына қолдау көрсеткен. Сондай-ақ үгіт-насихат жұмыстарына араласып, теледебаттарды бақылап, онлайн дауыс берулерге қатысқан.
Жастар теледебаттарда көтерілген мәселелерге қызығушылық танытып, өз пікірлерін білдірді. Кейбір ұсыныстарды қолдап, кейбір бастамаларға сын көзбен қарады. Мұның өзі жастардың саяси белсенділігінің қалыпты әрі жеткілікті деңгейде болғанын көрсетеді, – деді ол.
«Сайлау – міндет емес, азаматтың құқығы»
Жамаладен Ибрагимов жастардың сайлауға қатысуын азаматтық жауапкершілікпен байланыстыратынын айтты.
Ол Конституцияда азаматтардың сайлау құқығы бекітілгеніне назар аударды.
Азаматтардың сайлау құқығы Конституцияда белгіленген. Бірақ мұны біреуге міндет жүктеу деп түсінбеу керек. Кейбір азаматтар әлеуметтік желілердегі пікірлерді көріп, «дауыс беруге бару міндет пе?» деп қабылдауы мүмкін. Негізінде әр адам өзі шешім қабылдайды. Сайлау құқығын жүзеге асыру немесе асырмау – азаматтың өз еркі, – деді заңгер.
Оның пікірінше, биылғы саяси науқанда жастар өздерінің сайлау құқығын белсенді пайдаланған.
Жаңа Конституцияда жастарға қандай мүмкіндік берілген?
Сарапшы жаңа Конституцияда жастардың құқықтарына қатысты бірқатар жаңа нормалар қарастырылғанын айтты.
Соның ішінде ол азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғауға ерекше тоқталды.
Конституциядағы маңызды жаңалықтардың бірі – азаматтардың цифрлық құқықтарын қорғауға қатысты нормалар. Бұл біздің Конституцияның әлемдік деңгейдегі ерекшеліктерінің бірі деп айтуға болады. Халықаралық сарапшылар да цифрлық құқықтарға қатысты мұндай нормалардың көптеген елдердің Конституцияларында кездесе бермейтінін атап өтеді, – деді ол.
Ибрагимов сөзінше,бұл нормалардың әсіресе жастар үшін өзекті.
Жастардың басым бөлігі әлеуметтік желіні, түрлі цифрлық платформалар мен технологияларды күнделікті пайдаланады. Сондықтан азаматтардың жеке мәліметтерін қорғау, олардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарының сақталуы маңызды, – деді сарапшы.
Оның сөзінше, азамат өзіне, жеке өміріне, отбасына немесе жеке құпиясына қатысты мәліметтердің заңсыз жарияланбауын талап етуге құқылы.
Сондай-ақ белгілі бір жағдайда жеке деректер ресми ресурстарда немесе басқа платформаларда жарияланса, азамат оны өшіруді немесе таратуды тоқтатуды талап ете алады.
18 жастан бастап қандай саяси құқықтар беріледі?
Заң ғылымдарының докторы жастардың сайлау құқығымен қатар мемлекеттік және қоғамдық институттардың жұмысына араласу мүмкіндігі кеңейіп келе жатқанын атап өтті.
18 жасқа толған кез келген азамат сайлау құқығына ие болады. Сонымен қатар жастар жаңа құрылған Халық кеңесінің құрамына кіруге мүмкіндік алады, – деді ол.
Сарапшы Халық кеңесін халықтың, өңірлер мен қоғамның мүддесін Құрылтайға жеткізетін конституциялық-консультативтік орган ретінде сипаттады.
Бұдан бөлек, жастар жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар сайлауына қатысып, белгілі бір жасқа толғаннан кейін Құрылтай депутаттығына да үміткер бола алады.
Бүгін біз жаңа саяси жүйеде жастарға нақты мүмкіндіктер беріліп отырғанын көріп отырмыз. 25 жасқа толған азаматтар жаңа Құрылтайда депутаттық мандат алып, елдегі шешімдерге тікелей араласа алады. Бұл жастар үшін үлкен саяси мүмкіндік, – деді профессор.
Сарапшы жастардың сайлауға белсенді қатысуы тек бір күндік саяси науқанмен шектелмейтінін атап өтті. Оның пікірінше, қазіргі жастардың саяси шешімдерге араласуы елдің алдағы жылдардағы даму бағытына тікелей әсер етеді.