Құрылтай сайлауына халық қаншалықты дайын? ҚСЗИ директоры болжамын айтты
ҚСЗИ-де сайлауалды науқан, теледебаттар және жасанды интеллектінің ықпалы талқыланды.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі алғашқы Құрылтай сайлауы аясында сарапшылардың кезекті кездесуін өткізді. Жиында сайлау науқанының өту барысы, медиа кеңістіктің рөлі, жасанды интеллектіні қолдану және жалған ақпаратпен күрес мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Институт директоры Жандос Шаймардановтың айтуынша, 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына арналған үгіт-насихат науқаны бір апта бұрын басталғаннан бері саяси партиялар мен сарапшылық қауымдастықтың белсенділігі айтарлықтай артқан.
Кеше ұлттық телеарнада өткен алғашқы телевизиялық дебаттарды барлығымыз көрдік. Бұл – ашықтықтың, жариялылықтың және Құрылтайдағы орындар үшін жүріп жатқан бәсекенің көрінісі. Біздің міндет – қандай да бір партияны қолдау емес, сайлау процесін сарапшылық тұрғыдан бақылап, талдау жасау, – деді институт директоры.
Оның айтуынша, бүгінгі кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – сайлау науқанын жариялаудағы медианың рөлі мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану. Сонымен қатар саяси партиялардың цифрлық платформалар мен әлеуметтік желілердегі белсенділігі де сарапшылар назарынан тыс қалмайды.
Жандос Шаймардановтың мәліметінше, алғашқы теледебат кезінде ұйымдастырылған онлайн дауыс беруге 20 мыңға жуық көрермен қатысқан. Алайда олар партияларға емес, пікірсайысқа қатысқан спикерлердің сөз сөйлеуіне баға берген.
Сарапшылар жиынында сайлаушылардың белсенділігіне қатысты жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері де жарияланды. Оның айтуынша, бірнеше зерттеу ұйымының сауалнамасы бойынша азаматтардың 70-76 пайызы сайлау алдағы жексенбіде өтсе, дауыс беруге дайын екенін айтқан.
Бұл ең алдымен пропорционалды сайлау жүйесіне көшумен байланысты. Мұндай жүйеде саяси партиялардың жауапкершілігі де, белсенділігі де артады. Олар кең аудиторияны қамтып, қоғамдық-саяси процестерге азаматтарды көбірек тарта алады, – деді ол.
Институт басшысы алғашқы теледебаттардың жаңа форматына да оң бағасын берді. Оның пікірінше, пікірсайыс тек мазмұнымен ғана емес, ұйымдастырылуы мен көркем безендірілуімен де көрермен назарын аударған.
Сарапшылық кездесуде жасанды интеллектіні пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Осыған байланысты пікірталасқа Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің вице-министрі мен Орталық коммуникациялар қызметі жанындағы Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығының басшысы шақырылған.
Жандос Шаймарданов шілде айынан бастап күшіне енген Цифрлық кодекс жасанды интеллектіні қолдануға жаңа мүмкіндіктер бергенімен, нақты талаптар да енгізгенін атап өтті.
Соның бірі – жасанды интеллект көмегімен дайындалған контентті міндетті түрде таңбалау. Бұл талапты сайлауалды үгіт-насихат кезінде де сақтау маңызды. Азаматтардың таңдауына әділетсіз ықпал етпеу үшін жасанды интеллект қолданылған материалдар міндетті түрде белгіленуге тиіс, – деді институт директоры.