Құрылтай сайлауына бөлінген қаражат қайда жұмсалды? ОСК түсіндірді
Үкіметтің 2026 жылғы 3 шілдедегі шешімімен осы мақсатқа резервтен 34,3 млрд теңге бөлінген.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник ОСК-да өткен брифингте Құрылтай сайлауын өткізуге бөлінген қаражаттың жұмсалу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналист сайлау науқанына бөлінген қаражаттың көлемі және оның қалай жұмсалғаны туралы сұрақ қойды.
Михаил Бортниктің айтуынша, бөлінген қаражат негізінен жергілікті жерлерде жұмыс істейтін сайлау комиссияларының мүшелеріне еңбекақы төлеуге және сайлауды ұйымдастыруға бағытталған.
Құрылтай сайлауын өткізуге бөлінген қаражатты жұмсау, бұған дейін айтқанымыздай, негізгі бағыттарға, атап айтқанда, жергілікті жерлерде жұмыс істейтін барлық сайлау комиссияларының мүшелеріне еңбекақы төлеуге және сайлауды ұйымдастыруға бағытталды. Бұл қаражат республикалық бюджеттен жергілікті атқарушы органдарға бөлінеді. Олар өз кезегінде қаражатты сайлау комиссияларына жеткізеді, - деп жауап берді ол.
Айтуынша, қаражатты бөлу бюджет туралы заңға қатаң сәйкес жүзеге асырылады. Қаражаттың жұмсалу қорытындысы сайлау науқаны аяқталғаннан кейін 60 күн ішінде шығарылады.
Кейін бұл туралы нақты сандар бойынша жеке түсініктеме бере аламыз. Егер қорытынды ертерек шығарылса, оны міндетті түрде сіздердің назарларыңызға жеткіземіз, – деді Михаил Бортник.
Еске сала кетейік, бұған дейін сайлау республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатынын жазған едік. Үкіметтің 2026 жылғы 3 шілдедегі шешімімен осы мақсатқа резервтен 34,3 млрд теңге бөлінген.