Құрылтай сайлауы: шетелде 26 сайлау учаскесі ашылып, 228 қазақстандық дауыс берді
Шетелдегі сайлаушылар тізіміне 11 402 Қазақстан азаматы енгізілген.
Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау аясында шетелде 26 сайлау учаскесі жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов мәлімдеді.
Оның айтуынша, шетелде жүрген Қазақстан азаматтарының конституциялық сайлау құқығын қамтамасыз ету мақсатында еліміздің шетелдегі мекемелері жанынан 61 мемлекетте 79 сайлау учаскесі құрылған.
Тіркелген сайлаушылардың жалпы саны – 11 402 адам. Сағат 08:00-дегі жағдай бойынша шетелде 26 сайлау учаскесі ашылды. Алғашқы болып Токио мен Сеул қалаларындағы отандастарымыз дауыс беруді бастады. Бұл Астана уақытымен сағат 03:00-де болды, – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.
Сағат 08:00-дегі мәлімет бойынша шетелдегі сайлау учаскелеріне келіп, дауыс берген Қазақстан азаматтарының саны 228 адамға жеткен.