Құрылтай сайлауы: Сайлаушы таңдауына не әсер етеді?
Сарапшының айтуынша, сайлауға қатысуға партияның танымалдығы мен азаматтардың өз өміріне берген бағасы ықпал етеді.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Айгүл Забирова қазіргі қазақстандық сайлаушының ерекшеліктері туралы зерттеу нәтижелерін таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, биыл алғаш рет Құрылтай сайлауы толықтай партиялық тізім бойынша өтеді және бұл сайлаушылар үшін жаңа саяси кезеңнің бастауы саналады.
Сарапшының сөзінше, институт жүргізген әлеуметтік зерттеу азаматтардың алдағы сайлауға қызығушылығы жоғары екенін көрсеткен. Респонденттердің төрттен үшеуі сайлау келесі жексенбіде өтсе, міндетті түрде дауыс беруге баратынын айтқан.
«Бұл сайлау науқанында саяси партиялардың қандай бағдарламалар ұсынып, өздерін қалай көрсете алатыны маңызды. Дегенмен соңғы шешімді бәрібір сайлаушы қабылдайды», – деді Айгүл Забирова.
Зерттеу нәтижесі тағы бір қызықты үрдісті анықтаған. Егер азамат өз отбасының соңғы бір жылдағы жағдайын жақсы деп бағаласа, оның сайлауға қатысу ықтималдығы да жоғары болады. Сондай-ақ келесі жылы өмірі жақсарады деп сенетін адамдардың дауыс беруге және белгілі бір саяси партияны қолдауға бейімділігі жоғары екені байқалған.
Өңірлік деңгейдегі зерттеу де күтпеген нәтижелер көрсеткен. Сарапшының айтуынша, сайлауға қатысуға өңірдің экономикалық даму деңгейі немесе жалпы өңірлік өнім көлемі емес, екі негізгі фактор көбірек әсер етеді.
«Біріншісі – саяси партияның танымалдығы. Екіншісі – адамның өткен бір жылдағы өміріне берген бағасы», – деді ол.
Айгүл Забирова қазіргі зерттеу аясында жекелеген кандидаттардың танымалдығы қарастырылмағанын атап өтті. Оның айтуынша, институт саяси партиялардың танымалдылығына ғана талдау жасаған.
«Қазір сайлауға қатысып жатқан партиялардың басым бөлігінің өз тарихы, қалыптасқан саяси бейнесі және қоғамға белгілі өкілдері бар. Ал дауыс беру күніне дейін жалғасатын сайлауалды науқан азаматтардың саяси күштерді қаншалықты жақсы тануына ықпал етеді», – деді бас ғылыми қызметкер.
Сарапшының айтуынша, қазіргі кезеңде сайлаушылардың таңдауы жекелеген кандидаттардан гөрі саяси партияларға көбірек бағытталған. Ал кандидаттардың жеке танымалдығы бұл зерттеу шеңберінде қарастырылмаған.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда сайлау жүйесі өзгеретіні хабарланды.