23 Тамыз 2026, 05:10 Фото: СІМ / телеграмм

Құрылтай сайлауы Қытайда да басталды

Дауыс беруге Қытай Халық Республикасының аумағында тұратын немесе уақытша жүрген Қазақстан азаматтары қатыса алады.

Құрылтай сайлауында дауыс беруге арналған учаскелер Қазақстанның Бейжіңдегі елшілігінде, сондай-ақ ҚХР-дың Шанхай, Сиань және Гонконг қалаларындағы Қазақстан Республикасының Бас консулдықтарында ашылды.

Бейжің уақытымен сағат 07:00-де сайлау комиссияларының мүшелері Қазақстанның Мемлекеттік Әнұранын орындаумен сайлау учаскелерінің салтанатты ашылу рәсімін өткізді.

Қытайдың төрт қаласында дауыс беру Астана уақытымен 04:00-ден 17:00-ге дейін, ал Бейжің уақытымен 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді.

Дауыс беру аяқталғаннан кейін дауыстарды санау және дауыс беру нәтижелері туралы хаттаманы рәсімдеу жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де басталады.

Дауыс беруге Қытай Халық Республикасының аумағында тұратын немесе уақытша жүрген Қазақстан азаматтары қатыса алады.