21 Тамыз 2026, 16:07 Фото: ©BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Құрылтай сайлауы күні 20 аймақта тәуелсіз бақылаушылар қызмет етеді

Құрылтай сайлауы күні жұмыс істейтін ақпараттық штаб Қазақстанда бұрын болмаған.

Қазақстанда алғаш рет тәуелсіз ақпараттық штаб жұмыс істейді. Штаб жетекшілері тәуелсіз бақылаушылар Құрылтай сайлауы күні қалай жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Медиаменеджер, медиа және қоғамдық коммуникациялар саласының сарапшысы Нұржан Мұхамеджанованың сөзінше, қоғамдық коммуникациялар орталығы жанынан құрылған тәуелсіз бақылаушылар штабы еліміз үшін ең маңызды саяси науқан – Құрылтай күні жұмыс істеуге дайын. 

Бұл күні ең басты кәсіби түрде қоғамды шынайы, нақты және шыншыл дерекпен шапшаң хабарлау. Тәуелсіз байқаушыларымыз еліміздің 20 аймағында жұмыс істеуге дайын тұр. Ең негізгі мақсатымыз бірінші рет сайланыс отырған Құрылтай сайлауының кәсіби деңгейде, ұйымдасқан түрде өтуіне ықпал ету. Сондықтан саяси науқан еліміз үшін маңызды деп ойлаймын. Тәуелсіздік алғалы бері өтейін деп тұрған оныншы сайлау екен. Бірақ бұл жолғы сайлаудың маңыздылығы – жаңа Конституциямыз күшіне енгеннен кейін бұрынғы қоспалаталы парламенттің орнына бір палаталы құрылтайдың дүниеге келуі. Осы қызу додада шет қалмай, саяси науқанда еліміз үшін белсенділігімізбен ақпараттық деңгейде қызмет етеміз, - дейді Нұржан Мұхамеджанова. 

Фото: BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Тәуелсіз байқаушылардың Ақпараттық штабының жетекшісі Рафаэль Гасанов штабтың негізгі міндеті қоғамды жедел әрі сенімді ақпаратпен қамтамасыз ету екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі ақпараттық кеңістікте жалған ақпараттың таралуы жиілегендіктен, азаматтарға тек тексерілген мәлімет ұсыну маңызды.

Ақпараттық штабтың басты мақсаты – қоғамды өзекті әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету. Қазір түрлі жалған ақпарат өте көп тарайды. Сондықтан біздің міндет – азаматтарға нақты әрі расталған мәлімет жеткізу, – деді Гасанов.

Оның айтуынша, штаб жалған ақпаратпен күресуге емес, нақты деректерді жедел таратуға басымдық береді. Осы мақсатта еліміздің әр өңірінде штаб өкілдері жұмыс істейді.

Біз кімнің жаңалықты бірінші болып жариялайтынын бақылап отырмаймыз. Әр өңірде өз өкілдеріміз бар. Қажет болған жағдайда олар студиямен дереу байланысып, оқиға туралы ақпарат береді. Соның негізінде үздіксіз эфир ұйымдастырылып, қоғамға жедел мәлімет ұсынылады, – деді штаб жетекшісі.

Фото: BAQ.KZ/Сымбат Сатыбалдина

Сонымен қатар дауыс беру күні ақпараттық штаб алаңында тәуелсіз байқаушылардың жұмысы ұйымдастырылады. Олар дауыс беру процесінің басталуы мен өту барысы туралы қоғамды тұрақты түрде хабардар етіп отырады.

Тәуелсіз байқаушылар қоғамға дауыс беру қалай өтіп жатқанын жеткізеді. Кешке қарай барлығымыз процестің объективті көрінісін көре аламыз деп ойлаймын, – деді ол.

Рафаэль Гасановтың пікірінше, мұндай форматтағы ақпараттық штаб Қазақстанда бұрын болмаған.

Біздің елде мұндай ақпараттық штаб бұрын болған емес. Бұл азаматтық қоғамның заман талабына сай дамып, кәсіби деңгейде жұмыс істеп жатқанын көрсетеді, – деп түйіндеді ол.