22 Тамыз 2026, 14:44

Құрылтай сайлауы күні 16 сағаттық онлайн-марафон өтеді

2026 жылғы 23 тамызда Құрылтай сайлауына орай «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының қолдауымен жалпыұлттық онлайн-марафон өтеді. Тікелей эфир сағат 09:00-ден 00:30-ға дейін жалғасады.

Жалпыұлттық марафонның басты ерекшеліктерінің бірі – Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан тікелей қосылымдар ұйымдастырылады. Бұл елдің үш ірі қаласындағы сайлау күнінің ахуалы мен маңызды оқиғаларын көрсетуге мүмкіндік береді. Эфирде қалалардың көрікті жерлерінен репортаждар көрсетіліп, тұрғындармен және түрлі сала өкілдерімен сұхбаттар беріледі. Сонымен қатар АҚШ, Түркия, Қытай, БАӘ, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Бельгия және Ресейдегі тілшілер шетелде жүрген Қазақстан азаматтарының дауыс беру барысы туралы хабарлап отырады.

Сайлау барысы туралы ресми ақпарат екі жерден беріледі. Орталық сайлау комиссиясының алаңынан ресми статистикалық деректер мен дауыс беру барысы туралы мәліметтер таратылса, Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында халықаралық байқаушылар өз бағалары мен бақылауларын ортаға салады.

Медиажоба тек сайлау үдерісін көрсетумен шектелмейді. Эфирде қоғам өміріндегі өзекті мәселелер талқыланып, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері пікір білдіреді. Елдегі негізгі реформалардың қалай жүзеге асып жатқанын көрсетіп, шетелден қайтарылған миллиардтардың қайда жұмсалып жатқанын баяндаймыз. Заң шын мәнінде қалай жұмыс істейді және цифрлық қауіпсіздік неліктен әр адамға қатысты деген сауалдарға да жауап беріледі.

Марафон қонақтарының қатарында түрлі салада елеулі жетістікке жеткен азаматтар бар. Олардың арасында 74 жасында Түркияда парапланмен ұшып, әлеуметтік желіде танымал болған Ырзақұл Жәнібекова, Эверест шыңына шыққан алғашқы қазақ қызы Анар Бурашева, сондай-ақ «Үздік профессор» атағына ие болған Глазго университетінің профессоры Бақыт Төлегенов бар. Кейіпкерлер өз оқиғалары мен жеке тәжірибелерімен бөліседі.

«Экспресс-камера» форматында марафон қонақтары өзекті сұрақтарға жедел жауап береді. TEDx алаңында түрлі сала өкілдері мотивациялық дәрістер оқып, пайдалы ойларымен бөліседі. Сондай-ақ викториналар мен интерактивті форматтар ұйымдастырылады.

Touch Screen арқылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі орны көрсетіледі. «Үлкен құрылыс» жобасы аясында тілшілер өңірлердегі ірі құрылыс нысандарынан арнайы репортаждар әзірлейді.

Жалпыұлттық онлайн-марафонның трансляциясы 38 YouTube арнасында қолжетімді болады. Оның ішінде 14 республикалық және 14 өңірлік телеарна, сондай-ақ 10 ақпараттық портал бар. Марафон барысындағы жедел жаңалықтар мен маңызды ақпарат t.me/onlinemarathon2026  Telegram-арнасында жарияланып отырады.