Құрылтай сайлауы – конституциялық реформаның алғашқы нақты қадамы – Жапсарбай Қуанышев
23 тамызда өткен Құрылтай депутаттарының сайлауы биылғы конституциялық реформаларды іс жүзінде жүзеге асырудың алғашқы маңызды қадамы болды. Мұндай пікірді саяси ғылымдар докторы, Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері Жапсарбай Қуанышев «Сайлау-2026: қорытынды және жаңа саяси дәуір бастамасы» атты сараптамалық алаң қарсаңында білдірді.
Саясаттанушының айтуынша, сайлау қоғамдағы саяси өзгерістерге деген сұраныстың нәтижесін көрсетті.
«Ең алдымен бір нәрсені атап өту керек. Кеше өткен сайлау – биылғы Ата заң реформасының жүзеге асуының алғашқы қадамы. Меніңше, бұл қадам сәтті өтті. Қоғамда жүріп жатқан өзгерістер мен саяси үдерістердің өзі қоғамның сұранысынан туындады. Соның нәтижесінде сайлау өткізілді. Алдын ала қорытынды бойынша Құрылтайға бес партия өтіп отыр. Бұл – демократиялық үдерістерді күшейтуге, саяси ашықтықты арттыруға және билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған маңызды қадам», – деді Жапсарбай Қуанышев.
Орталық сайлау комиссиясының алдын ала нәтижесі бойынша бес саяси партия Құрылтайға өту үшін қажетті 5 пайыздық межеден асты. Олар – «Әділет», «Ауыл», Respublica, «Ақ жол» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия.
Сарапшының пікірінше, ендігі негізгі міндет – сайлау нәтижесінде қалыптасатын Құрылтайдың конституциялық реформаларда белгіленген міндеттерді нақты заңнамалық шешімдерге айналдыруы.
Құрылтайда 145 депутат болады. Енді Конституцияда айқындалған міндеттер мен мақсаттар заңнамалық сипат алуға тиіс. Саяси бәсекеден өтіп, халықтың қолдауына ие болған партиялардың бұл жұмысты атқаруға әлеуеті жеткілікті деп ойлаймын. Олар мемлекет алдында тұрған міндеттерді нысанаға алып, жауапкершілікпен әрі кәсіби деңгейде жұмыс істеп, болашақтың берік негізін қалайды деген сенімдемін, – дейді саяси ғылымдар докторы.
Жапсарбай Қуанышев қазіргі кезеңде сайлау қорытындысынан бөлек, жаңа Құрылтайдың жұмысы мен онда қабылданатын шешімдердің сапасы ерекше маңызға ие болатынын атап өтті.