Құрылтай қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуы қажет – Тоқаев
Президент Құрылтайдың алдында тұрған міндеттерді атады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің соңғы бірлескен отырысында мемлекеттік биліктің «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» деген базалық формуласы толыққанды институционалдық мәнге ие болғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының айтуынша, жаңарған билік тармақтарының теңгерімді жүйесінде Президент Тәуелсіздік пен мемлекет тұтастығының символы, Конституцияны және азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың кепілі ретінде бұрынғыдай басты рөл атқарады.
Қазақстан президенттік республика болып қала береді. Мұны түсіну, ескеру өте маңызды. Яғни Президент – мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы, Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы, барлық құқық қорғау органдарының басшыларын тағайындайды, елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, Қазақстан атынан халықаралық аренада өкілдік етеді, - деді Тоқаев.
Сонымен қатар жаңғырту жұмыстары парламенттік жүйені одан әрі трансформациялау тетіктерін де қарастырады.
Құрылтайдың алдында барлық бюрократиялық рәсім түріндегі кедергілерді жою, заң шығару ісінің жеделдігі мен сапасын арттыру, білікті сарапшылардың және консультанттардың қызметін тиімді ұйымдастыру міндеті тұр. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде Құрылтайға ұлттық заңнаманы тез өзгеріп жатқан цифрлық матрица жағдайына шұғыл бейімдеу үшін қарқынды жұмыс істеуге тура келеді. Бұл – өте маңызды. Қазақстанның жаһандық бәсекеге қаншалықты дайын екені осыдан көрінеді, - деп санайды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Президент Құрылтай технологиялық прогрестің жетекші факторы болады деп үміттенеді. Еске салсақ, былтыр қазан айында өткен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында Президент толыққанды e-Parliament жүйесін енгізу мәселесін көтерген болатын.
Қазақстан e-Government, яғни Электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша жаһандық рейтингте әлемдегі үздік 25 елдің қатарына кірді. Енді Электрондық Парламентті қалыптастыруға және дамытуға көп күш-жігер жұмсауымыз қажет. Жаңадан сайланған депутаттар заң шығару ісінде болжамды сараптамаға, Үлкен дерекқорды басқару арқылы кез келген шешімнің экономикалық салдары мен әлеуметтік тәуекелдерін модельдеуге баса мән беруі керек. Маңызды заң жобаларын сарапшылармен және жауапты қоғам белсенділерімен бірге талқылаған жөн. Цифрлық құралдарды пайдалану қажет. Бұл пікірталасқа қатысушылар санын көбейтіп, мәселені нағыз қоғамдық талқыға салуға мүмкіндік береді, - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен отырыста.
Президент атап өткендей, Құрылтай жалпыұлттық деңгейдегі ашық диалог алаңы ретінде қызмет етіп, қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуы қажет. Бұл – азаматтардың дәйекті өтініштері міндетті түрде ескеріліп, нақты нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау арқылы мемлекеттік мекемелерге тиісті тапсырмалар берілуі керек деген сөз.