14 Тамыз 2026, 18:18 Фото: ОКҚ

Құрылтай сайлауы қарсаңындағы ақпараттық шабуыл: Фейктің артында қандай мақсат тұр? – сарапшы түсіндірді

Интернет кеңістігінде шындыққа жанаспайтын, арандатушылық сипаттағы ақпараттың күрт көбейгені байқалады. Оның ішінде жасанды интеллект көмегімен жасалған материалдар да бар. Бұл туралы Айбар Олжай өз жазбасында айтып, кейінгі күндері тараған ақпараттардың сипатына назар аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның сөзінше, мәселе жекелеген жалған жаңалықтармен ғана шектелмейді. Кейбір материалдардың бір мезетте жүздеген сайтта бірдей мәтінмен жариялануы олардың қасақана әрі ұйымдасқан түрде таратылып жатқанын аңғартады.

Әйтпесе, айналдырған бірнеше күннің ішінде үтір-нүктесіне дейін өзгермеген материалдың жүздеген сайтқа шығуын қалай түсінуге болады? Тіпті, қазақша жариялағандар да бар. Мәтінді ChatGPT арқылы аударғаны анық аңғарылады. Жасанды интеллектінің иісі әудем жерден сезіледі, – деп жазды Айбар Олжай.

Ол мұндай материалдардың негізгі мақсаты мемлекеттік институттарды қаралау, билік басындағыларға деген сенімге сызат түсіру және қоғам ішінде алауыздық туғызу болуы мүмкін деп пайымдайды.

Ақпараттық шабуыл неге күшейді?

Айбар Олжай ақпараттық шабуылдың күшеюін, ең алдымен, алдағы Құрылтай сайлауымен байланыстырады.

Оның айтуынша, бұл – ел үшін маңызды саяси кезең. Сондықтан дәл осы уақытта қоғамдық пікірге ықпал етуге бағытталған ақпараттық манипуляциялар белсенді болуы мүмкін.

Екінші себеп ретінде ол Қазақстанның соңғы жылдардағы экономикалық және инфрақұрылымдық көрсеткіштерін атайды.

Айбар Олжайдың жазбасында былтыр Қазақстан жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі бойынша бұрынғы Кеңес одағы елдері арасында ең жоғары көрсеткішке жеткені айтылады.

Сонымен қатар 2025 жылы ел экономикасына 22,7 триллион теңге инвестиция тартылған. Мыңдаған шақырым жол салынып жатыр. Қазақстан «Орта дәліздегі» маңызды байланыстырушы хабқа айналып келеді.

Мұның бәрі, әлбетте, ел тізгінін қолына ұстағандардың еңбегі екені сөзсіз, – дейді ол.

Айбар Олжай ақпараттық шабуылдардың көбеюіне Қазақстанның даму қарқыны да себеп болуы мүмкін деген пікір білдіреді.

Сөйтсек, Қазақстанның даму қарқынын көре алмайтындар бар екен. Ақпараттық шабуылдың көбейгені де соның себебі болса керек. Өйткені еліміздің өркендегені біреулерге ұнамайды, – деп жазды ол.

Оның пікірінше, мәселенің тағы бір қауіпті тұсы – мұндай ақпараттық манипуляцияларға ел азаматтарының да ілесіп кетуі.

Фейкті фактіден қалай ажыратамыз?

Айбар Олжай мұндай жағдайда ең алдымен сындарлы ойлау қажет екенін айтады.

Ең әуелі, сындарлы ойлану қажет. Желідегі көрінген ақпаратқа сене бермей, ондағы мәліметтерді тексеру артық етпейді. Өйткені қоғамға іріткі салып, бірлігімізді бұзуды көксейтіндер жетерлік. Құрылтай қарсаңында ақпараттық шабуылдың күшейгенінің себебі де осы, - деді ол.