Сарапшы: Құрылтай – мемлекеттік биліктің негізгі институтына айналады
Референдум нәтижесінде жаңа Конституция қабылданғаннан кейін елдегі саяси жүйеде Құрылтайдың орны мен рөліне қатысты сұрақтар көбейді.
Референдум нәтижесінде жаңа Конституция қабылданғаннан кейін елдегі саяси жүйеде Құрылтайдың орны мен рөліне қатысты сұрақтар көбейді. Осы орайда BAQ.KZ тілшісі заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Әбдірасұловтан сұхбат алды.
– Референдум нәтижесінде жаңа Конституция қабылданды. Осы өзгерістер аясында Құрылтайдың мәртебесі, өкілеттігі мен нақты рөлі қалай өзгереді? Ол шешім қабылдайтын органға айнала ма, әлде кеңесші алаң ретінде қала ма?
Жаңа Конституцияның қабылдануы нәтижесінде Құрылтайдың мәртебесі өте биік болады. Ол – заңдарды қабылдау, негізгі мемлекеттік органдарды қалыптастыру, жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындауға қатысу және Үкімет қызметіне парламенттік бақылау жасау өкілеттіктері бар мемлекеттік биліктің орталық институты.
Құрылтай ең жоғары деңгейдегі шешімдерді қабылдайды. Бұл ең алдымен заңнамалық шешімдер арқылы көрінеді, яғни конституциялық заңдар мен өзге де заңдарды қабылдайды.
Сонымен қатар мемлекеттік-саяси шешімдер қабылдайды – соғыс және бейбітшілік мәселелері, сондай-ақ Қарулы Күштерді пайдалану сияқты стратегиялық бағыттарды айқындайды.
Кадрлық тұрғыдан алғанда да Құрылтайдың ықпалы айтарлықтай күшейеді. Премьер-Министрді, Вице-президентті, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты судьяларын, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы мүшелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы мүшелерін тағайындауға келісім береді. Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, олардың антын қабылдайды.
Бұдан бөлек, Құрылтай бақылау функциясын да жүзеге асырады. Ол Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру мүмкіндігіне ие және министрлердің қызметтен кетуіне нақты ықпал ету тетіктері бар. Мысалы, Құрылтай республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның есептерін талқылайды және бекітеді. Егер бұл есеп бекітілмесе, бұл Үкіметке сенімсіздік білдіру ретінде қарастырылады.
Сонымен бірге, депутаттардың бастамасымен Үкімет мүшелерінің есептері тыңдалып, заңдарды орындамаған жағдайда оларды қызметтен босату туралы Президентке ұсыныс енгізіледі.
Сондай-ақ Құрылтай ұйымдастырушылық шешімдер қабылдайды. Ол Президент сайлауын жариялап, жалпыхалықтық референдум тағайындау туралы бастама көтере алады.
– Құрылтайдың ықпалы артады деп айтылып жатыр. Бұл нақты қандай механизмдер арқылы іске асады?
Құрылтайдың ықпалы нақты конституциялық механизмдер арқылы жүзеге асады. Заң шығару механизмі, кадрлық механизм, бақылау, саяси-мемлекеттік және ұйымдастырушылық механизмдер арқылы Құрылтайдың ықпалы артады.
Осылайша, Конституцияға сәйкес Құрылтайдың ықпалы нақты конституциялық тетіктер арқылы қамтамасыз етіледі. Олар Құрылтайдың заң шығарушы биліктің орталығы, кадрлық және саяси шешімдер қабылдаудағы негізгі субъект, сондай-ақ Үкіметтің тағдырына ықпал ете алатын орган екенін айқындайды.
– Бұл жағдайда Құрылтайды классикалық парламентпен теңестіруге бола ма?
Құрылтайдың өкілеттіктері өте кең. Алайда оның нақты моделі мен жұмыс форматы құқықтық нормалар мен заңдар арқылы толық айқындалады. Сондықтан оны классикалық парламентпен толық теңестіру немесе ерекше ұлттық институт ретінде қарастыру мәселесі заңнамалық нақтылауға байланысты болады.
– Жаңа жүйеде билік тармақтарының тепе-теңдігі қалай сақталады?
Конституциялық өзгерістер билік тармақтарының өзара тежемелік және тепе-теңдік жүйесін күшейтуге бағытталған. Құрылтайдың бақылау және кадрлық өкілеттіктері осы теңгерімді қамтамасыз ететін негізгі құралдардың бірі болады.
– Құрылтайдың күшеюі саяси жүйеге қандай әсер етуі мүмкін?
Бұл өзгерістер саяси жауапкершілікті арттырып, шешім қабылдау сапасын күшейтуге ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігіне де жаңа талаптар қойылады.