Құрылтай депутаты ғылымға бөлінген әр теңгенің қайтарымын есептеуді сұрады
Құрылтай депутаты ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бөлінетін бюджет қаражатының нақты экономикалық қайтарымын анықтауды ұсынды. Бұл мәселе Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке жолданған депутаттық сауалда көтерілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутат елімізде ғылымды қаржыландыру көлемі соңғы жылдары едәуір артқанын атап өтті.
Оның сөзінше, Үкіметтің ресми мәліметіне сәйкес, соңғы алты жылда республикалық бюджеттен ғылымға бөлінетін қаржы алты есе өскен. 2023 жылдан бастап ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын ішкі шығындар екі еседен астам артып, 121,5 млрд теңгеден 2026 жылға қарай 260 млрд теңгеге жеткен.
Сонымен қатар 2025 жылы 241 инновациялық жоба іске асырылып, 1 200-ден астам зерттеу аяқталған. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бағдарламалары да кеңейтілген.
Алайда депутат ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландырудың экономикаға нақты әсері туралы ақпараттың қолжетімсіз екенін айтты.
Зерттеу жұмыстарының шамамен 80%-ы мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады. Бюджет тапшылығы жағдайында қаржыландыру көлемі мен іске асырылған жобалардың саны ғана емес, мемлекет салған инвестициялардың нақты қайтарымын бағалау маңызды, – делінген депутаттық сауалда.
Осыған байланысты депутат министрліктен ғылымға бағытталған әрбір теңге бюджет қаражатының қанша экономикалық әсер, қосылған құн, салықтық түсім немесе экспорттық кіріс әкелгені туралы мәлімет беруді сұрады.
Сондай-ақ нәтижелері өндіріске енгізілген, коммерцияландырылған немесе жеке инвестиция тартуға мүмкіндік берген ғылыми жобалардың үлесі қанша екеніне назар аударды.
Бұдан бөлек, депутат ғылым мен технологияның жекелеген бағыттарының тиімділігіне салыстырмалы талдау жүргізіле ме деген мәселені көтерді. Атап айтқанда, қай салалар ең жоғары экономикалық қайтарым беріп отырғанын және қандай бағыттарда практикалық нәтиже төмен екенін нақтылауды сұрады.
Егер мұндай бағыттар анықталған болса, олардың төмен нәтижелілігінің негізгі себептерін де көрсетуді ұсынды.