10 Қыркүйек 2026, 12:30 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Олжас Адай

Құрылтай депутаттары отырыста жақындарын туған күнімен құттықтай алмайды

Енді Құрылтай депутаттары отырыстар кезінде жақындарын туған күнімен құттықтай алмайды. Құрылтайдағы бұл тәртіпті журналистердің сауалына жауап берген депутат Снежанна Имашева түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Біз қолданыстағы заңнамаға сәйкес әрекет етуге дайындалып жатырмыз. Бұл ретте тиісті органдар мен мамандандырылған мекемелердің қалыпты жұмысына кедергі келтірмеу маңызды. Жеке және басқа да өтініштер бойынша белгіленген өкілеттіктер аясынан шықпауымыз керек», – дейді депутат.

Оның сөзінше, бұл талаптар құжатта жеке баппен көрсетілген.

«Бұл процесте кімнің, қандай деңгейде және не үшін жауапты екенін нақты айқындаймыз. Әрі қарай осы белгіленген тәртіпке сәйкес жұмыс істейміз», – дейді Имашева.

Құрылтай регламентінің 26-тарауында не айтылған?

Құрылтай депутаттарының депутаттық әдеп қағидаларында олар депутаттық өкілеттігін атқарған кезде, сондай-ақ оны атқармаған уақытта басшылыққа алуға тиіс мінез-құлық нормалары айқындалған.

Атап айтқанда, депутаттар жоғары деңгейде мінез-құлық мәдениетін ұстануға, әдеп нормаларын сақтауға және әдептілік танытуға тиіс. Сондай-ақ бір-біріне және Құрылтайдың үйлестіру, жұмыс және консультативтік-кеңесші органдарының, депутаттық бірлестіктердің жұмысына қатысатын барлық адамға сыйластықпен қарауы қажет.

Сонымен қатар депутаттар сөйлеген сөздерінде басқа депутаттар мен адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін негізсіз айыптауларды, дөрекі және қорлайтын сөздерді қолданбауға тиіс.

Бұдан бөлек, депутаттарға Құрылтайда заңсыз және күш қолданатын әрекеттерге шақыруға жол берілмейді.

«Құрылтайдың, оның үйлестіру, жұмыс және консультативтік-кеңесші органдарының, депутаттық бірлестіктердің қалыпты жұмысына кедергі келтірмеу; Құрылтайдың, оның үйлестіру, жұмыс және консультативтік-кеңесші органдарының отырысында сөз сөйлеуді жеке өтініші мен депутаттық өкілеттікті жүзеге асыруға байланысты емес өзге де өтініш үшін пайдаланбау; сөйлеушінің сөзін бөлмеу; басқа адамдардың сөзіне түсініктеме бермеу сияқты нормалар да бар. Депутаттар өз әрекеттерімен намысқа тиетін қимыл-ишарат жасауға, сес көрсетуге және қорлауға жол бермеуі тиіс», – деп түйіндеді Құрылтай депутаты.

Еске салайық, бұған дейін Құрылтайда заң жобалары үш оқылымда қаралатыны хабарланды. 

Депутаттар этика бұзса қалай жазаланатыны да айтылды.