Құрсақтағы сәбиге ота: Қазақстанда феталдық хирургия дами бастады

Бұл туралы ҚР ДСМ Аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шәкизат Халықова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, бүгінгі таңда елімізде пренаталды диагностика қарқынды дамып келеді.

Соңғы 10 жыл бойы нәрестелердің туа біткен дамуында ақауы сәбилердің өлімінің басты көрсеткіштерінің біріне айналды. Біздің міндетіміз – ерте диагностикаға, соның ішінде пренаталды диагностикаға басымдық бере отырып, көрсеткішті төмендету, жаңа технологияларды енгізу. Денсаулық сақтау министрлігі осы тұрғыда нақты шешімдер қабылдады. Қазір нормативтік-құқықтық құжаттар реттелді. Пренаталды ультрадыбыстық диагностикалау жолға қойылды. Дәрігерлер-узистер, пренатолог-мамандардың арнайы оқытылып, біліктіліктерін арттырды.

Бүгін соның жемісін жеп отырмыз, - деді ведомство басшысы елордада өтіп "Салауатты ұрпақ – ұлт болашағы" атты ІІ халықаралық конгрессте сөйлеген сөзінде.

Сонымен қатар ол мамандарды оқыту өз нәтижесін бергенін де алға тартты.

Дәрігерлердің біліктілігін арттыру, білім деңгейін жоғарылату өз нәтижесін көрсетті. Пренатологтардың жұмыстарын үйлестіру үшін ұрықты қорғау жұмыс істеуде. Барлық өңірде "Бір күндік клиникалар" жобасы іске қосылды. Жоба туралы аналарымыздан, жүкті әйелдерден жағымды пікірлер алдық. Былтырдан бері феталды медицина саласын енгіздік. Бүгін 50 операция жасалды. 23 жүкті әйелге босануға рұқсат етілді. 36 сәби дүние есігін ашты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш, - деп атап өтті ҚР ДСМ Аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шәкизат Халықова.

Айта кетейік, феталды медицина – туабітті дерттердің алдын алуға бағытталған медицинаның жаңа бағыты. Яғни ананың құрсағында жатқан сәбиге ота жасау арқылы түрлі кеселден арылуды көздейді.

Еске салайық, Астанада нәресте өлімі мен балалар мүгедектігін азайту мәселесіне арналған ІІ халықаралық конгресс өтіп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы