Құрмет, марапат және рекорд: Ақтөбеде металлургтерге арналған кеш дүркіреп өтті

Ақтөбеде Металлургтер күніне арналған салтанатты кеш өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шара Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып, еңбек адамдарының қоғамдағы маңызын арттыру, олардың қажырлы еңбегін елеу және отандық металлургия саласының дамуына сүбелі үлес қосқан мамандарды ұлықтауға бағытталды.

Кеш шымылдығы жарқын шоу мен кавер-бэндтің өнер көрсетуімен ашылды. Іс-шара барысында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов құттықтау сөз сөйлеп, өңір металлургтерінің жетістіктеріне тоқталды. 

Айта кетейік, жуырда Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №43 пешінен бір циклде 177 тоннадан астам феррохром өндіріліп, бұл жетістік World Book of Records ұйымының ресми сертификатымен расталды.

Сонымен қатар, жыл сайын дәстүрге айналған 7 номинация бойынша үздік қызметкерлер анықталып, арнайы марапаттар табысталды. Олардың қатарында «Үздік жас маман», «Өндірістегі үздік әйел», «Үздік бригадир», «Жыл жаңалығы», «Үздік тәлімгер» сияқты аталым иелері бар.

Мерекелік кеш зауыт жұмысшылары мен кәсіби әртістердің қатысуымен өткен музыкалық мюзиклмен, лазерлік шоумен және «Кел, шырқайық!» телешоуының жеңімпазы – «Хром» командасының өнерімен ерекше есте қалды.

Ал Ақтөбедегі «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында орнатылған сахнада отандық танымал өнер жұлдыздары – Музарт тобы, Қайрат Баекенов, Формат тобы, Мақпал Исабекова, Alem және Raim өнер көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Шара  мерекелік отшашумен аяқталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы