Құрғақшылықпен күрес немесе далаға кеткен тасқын су
Қазақстанда құрғақшылыққа ден қою негіздері бойынша 2-тренинг өткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2023 жылғы 14 наурызда Астана қаласында Қазақстан Республикасындағы БҰҰДБ-мен бірлескен жоба шеңберінде Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалар қаупін азайту орталығы Қазақстан Республикасында ұлттық және жергілікті деңгейлерде құрғақшылықты мониторинг, болжау, оның салдарын жұмсарту және оған ден қою жөніндегі дағдыларды пысықтау бойынша кезекті тренингін өткізді.
Тренингке ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, "Қазгидромет" РМК, "Қазсушар" РМК, "Атамекен" ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының және басқа да мүдделі тараптардың өкілдері қатысты. Тренингке қатысушылар саны 50 адамды құрады.
Тренинг қатысушыларына :
* құрғақшылықтың агрометеорологиялық мониторингі, "Қазгидромет" РМК-да құрғақшылықты болжаудың қолданылатын әдістері;
* тұтынушылардың агрометеорологиялық ақпаратқа қажеттіліктерін олардың ерекшеліктерін ескере отырып талдау, тұтынушының қажеттіліктерін ескере отырып, құрғақшылықты бақылау бюллетенінің макеті;
* құрғақшылықты бақылаудағы халықаралық тәжірибе мен практика;
* экстремалды температура режимін және атмосфералық құрғақшылық индекстерін гидродинамикалық модельдеу негізінде құрғақшылықтың алдын алудың гидрометеорологиялық моделі;
* атмосфералық құрғақшылық параметрлері болжамдарының сапасын бағалау;
* құрғақшылықты бақылау үшін спутниктік деректерді қолдану негіздері;
* үздік тәжірибе мен практика негізінде Қазақстан Республикасында құрғақшылықтың салдарын жұмсарту және құрғақшылыққа ден қоюға дайындықты күшейту бойынша негізгі ұсынымдар;
* құрғақшылықтың әлеуметтік-экономикалық салдары мен динамикасы туралы деректерді талдау және жинау нәтижесі таныстырылды.
Құрғақшылық дайындық кезінде суару мақсатында су қорын жинау да қарастырылатыны белгілі.
Экологиялық инфрақұрылымды құру және еріген қар суын жинау жүйесін және суды сақтау құрылымдарын енгізу құрғақ кезеңдерде үнемдеу мен үздіксіз сумен қамтамасыз ете алады. Су тасқыны кезеңінен өту проблемасы еріген қар және тасқын суларын қолдануды басқаруда экологиялық және ойластырылған кешенді шешімдерді талап етеді. Мысалы, кейбір елдерде құрғақшылық кезеңінде егістіктер мен бақтарды суару үшін пайдалану мақсатында арнайы су жинау құрылыстары салынады. Сондай-ақ мұндай жүйені жергілікті егіншілік пен мал шаруашылығында пайдаланудың зор әлеуеті бар, - делінген ҚР ТЖМ баспасөз хабарламасында.
Іс-шара интерактивті түрде өтті, бұл пікір алмасуға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді және тренингке қатысушылардың қызығушылығын тудырды.
Өткізілген тренинг мүдделі мемлекеттік органдардың уәкілетті лауазымды адамдарының ұлттық және жергілікті деңгейлердегі құрғақшылықты болжау, оның салдарын азайту және оған ден қоюдағы әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, Жапония «Климаттық уәде: уәдеден әрекетке» жаһандық бастамасын іске асырудың келесі кезеңіндегі БҰҰДБ-ның ең ірі серіктесі болып табылады.
Іске асыру шеңберінде Жапония үкіметі Қазақстанға ұлттық климаттық міндеттемелерді орындау үшін қаражат бөлді. БҰҰДБ-ның «Климаттық уәде» бағдарламасы (Сlimate Promise) – бұл Париж келісімі шеңберінде әлемнің барлық дамушы елдерінің ұлттық деңгейде айқындалатын үлестерін (ҰДАҮ) арттыру және іске асыру мақсатында олардың барлығының 80%-ын құрайтын 120-дан астам елдер мен аумақтарды қамтитын ҰДАҮ қолдау жөніндегі ең ірі жаһандық ұсыныс. Бұл климаттық міндеттемелерді арттыру және Париж келісімін жүзеге асыру үшін әлемдегі ең ірі қолдау ұсынысы.